ДИКТОР: «Қарызсыз қоғам» жобасы еліміз бойынша халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған. Былтыр мамыр айында басталған жоба биыл да жалғасады. Облыстың 8 мыңнан астам тұрғынын қамтуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, аталған жобада несие бойынша берешегі бар, борышкерлер тізімінде тұрғандарға және қарыздың төлеу мерзімін 90 күннен асырған азаматтарға заңдық тұрғыда көмек көрсету де көзделген.

РКС: «AMANAT» партиясы мен Halyk Bank-тің бірлесіп қолға алған бастамасы былтыр нәтижелі болды. Өткен жылы пилоттық жобаға еліміз бойынша 8 өңір қатысты. Ал биыл Ақмола облысындағы 17 аудан мен республикалық маңызы бар 3 қала жобаға ілікті. Облыс орталығында бастау алған «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқыту Степногорск, Қосшы қалаларымен қатар Целиноград және Бурабай аудандарында да өтті. Жалпы өңір бойынша 8 мыңнан астам тұрғынның сауаттылығын арттырып, борышкерлердің несиелік мәселелерін оңтайландыруды мақсат етіп отыр.

СНХ: АҚМАНАТ ӘЛІМБЕТОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл жерде біз несиесі бар адамдарға нақты көмек беру мақсат құрып тұрмыз. Бұл жерде тек қана теория жағынан ған емес, түстен кейін әр адам нақты шаруасымен, нақты проблемасымен ментрге жазылып, сол бойынша AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде тақырыптық қабылдаулар өткізеді.

РКС: Қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған оқытулар жыл бойы барлық аудан мен қалаларда жүргізіледі. Курс бірнеше кезең бойынша өтеді. Сонымен қатар, жоба ұйымдастырушылары шағын елдімекендерде бұл істі жалғастыруға ниетті.

СНХ: ДӘУРЕНБЕК ЖҮСІПОВ, МЕНТОР: Бүгінде Қазақстанда 1 млн. 700 мың адамның 90 күннен астам мерзімі өткен несиесі бар. Тығырыққа тірелген тұрғындар кімнен көмек сұрарын білмей дал болуда. Оларға қол ұшын созып, қарыздан құтылудың тиімді жолдарын теория арқылы ғана үйретіп қоймай, жауапты тұлғалармен кездесіп, әр қатысушының нақты мәселесін жеке-жеке шешуге қадам жасамақпыз. Ол үшін қаржы нарығын реттеу жөніндегі агенттік, 2-ші деңгейдегі банктер, заңгерлер де атсалысады. Соның нәтижесінде, қарызданушылардың бұғатталған жеке есеп шоттары ашылып, белгілі кесте құрылады. Мәселені шешудің бірнеше жолы қарастырылады. Ел болып жұмылып, жұмыс істейтін болсақ, мәселенің оң шешімін табатынына сенім мол.

РКС: Қатысушылар жұмыспен қамту орталықтарында, «AMANAT» партиясының қабылдау бөлімі және қалалар мен аудан әкімдіктері арқылы жобаның курстарына жазыла алады. Аталмыш жобаның тағы бір тиімділігі мемлекеттік жобалардың аясында кәсіп бастаймын деген тұрғындарға бизнестің жобасын жасауға да үйретеді.

СНХ: ҒАЛИЯ ЗИЯДДЕНОВА, КӘСІПКЕР: Жоба арқылы қаржылық сауаттылықты үйреніп, оны жақындарыма үйретуді жоспарлап отырмын. Жақында мен кей адамдардың азық-түлікті несиеге алатынын естіп, қамықтым. Бұл біздің сауатсыздығымыздың кесірінен. Тапқан табысымыздан жұмсауымыз көп болып тұр. Сондықтан, тұрғындар қаржылық сауаттылықтарын арттырып, ақша жинау мәдениетін үйренсе жақсы болар еді.

СНХ: КОНСТАНТИН НОХРИН, ЖОБАҒА ҚАТЫСУШЫ: Жобаға келген себебім,тапқан табысымды тиімді пайдалануды үйренгім келеді. Халықтың қаржылық сауаттылығының жоғары деңгейде болмағандығынан бұл мәселе өзекті болып отыр. Ақшаны тиімді жұмсай алмағандықтан, несие алып, қарызданып жатқан адамдардың қарасы қалың.

РКС: Жобаға қатысушылардың санаты да сан алуан. Айта кетейік, бұл жобаға кез-келген тұрғын қатыса алады. Сондай-ақ мектеп оқушылары мен студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған арнайы әдістемелік және оқу құралын әзірлеу де жоспарда бар,-дейді ұйымдастырушылар.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ