ДИКТОР: Биыл ҚР еңбек сіңірген әртісі, Көкшетау мен Торғай даласының төл перзентіне айналған жезтаңдай әнші Ғазиза Жұмекенова көзі тірі болса биыл 70 жасқа толар еді. Сұм ажал өткен жылдың қыркүйегінде арамыздан алып кетті. Әншінің рухын құрметтеген сахнадағы әріптестері еске алу кешін ұйымдастырды. Көз көргендер оның дауысы жүректен шыққан ғажап үн еді деседі. Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияда өткен кештің алдында қазақ өнерінде қайталанбас із қалдырған әншіні халқы арнайы әзірленген фильм арқылы сағынышпен еске алды.

ИНТЕРШУМ: фильмнен үзінді

РКС: Бейнебаянда Ғазиза Жұмекенқызының өнеріне қысқаша шолу жасалған. Халықтың сүйікті әншісі бұрынғы Торғай облысының Амангелді ауданына қарасты Байғабыл ауылында дүниеге келген. Туған елінде онжылдықты тәмамдағаннан кейін Меңдіғарадағы мұғалімдер даярлайтын училищеге оқуға түседі. Алғаш еңбек жолын өзі оқыған Байғабыл орта мектебінде бастайды. Жастайынан өнерді жанына серік еткен ерекше талант иесі түрлі байқауға қатысып, лауреат атанды. Соңынан ерген бауырларын оқытып, тәрбиелеуге зор үлес қосқан. Бауырлары да әпкесін сағынышпен еске алады.

СНХ: НҰРБОЛАТ ӘЛМЕНОВ, ҒАЗИЗА ЖҰМЕКЕНОВАНЫҢ ІНІСІ: Үйден басқа сахнада ол кісі өнерпаз, бүкіл өмірін өнерге арнаған адам. 70 жылға жуық өмір сүрді, соның 50 жылын киелі сахнаға арнады. Сол 50 жылдың соңғы 20 жылында қасиетті Көкшеде Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияда еңбек етті. Өз ойындағы барлық өнерін халқына берді. Әлі де өмір сүрсе, әлі де арамызда жүрсе артық болмас еді. Бірақ, өкінішке қарай 69 жасқа келіп дүниеден өтті.

РКС: Ғазиза Жұмекенова қазақ өнері мен мәдениетіне қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасының еңбегі сіңірген әртісі атағына ие болды. Зейнетке шыққанға дейін Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармониясының сахнасында көрерменнің көзайымына айналды. Еске алу кешіне әншімен бір сахнада өнер көрсеткен әріптестері мен шәкірттері де жиналды. Сәрсенбай Хасенов ұстазының көптеген өнер адамдарымен рухани байланыста болғанын жеткізді.

СНХ: СӘРСЕНБАЙ ХАСЕНОВ, ДӘСТҮРЛІ ӘНШІ: Атақты Кәкімбек Салықов, Фариза Оңғарсынова сияқты үлкен тұлғалармен бірге үлкен кештер өткізіп, көптеген әндерін жарыққа шығарған. Ол кісінің әр әнінің өзі халық жүрегін, мысалы «Меруерт моншақ», «Айқаракөз» барлығын жүрекке жеткізе айтты. Ол кісімен біз бақытты ұрпақпыз. Онымен әріптес болдық. Қасында жүріп тәлім алдық. Сахна сырларын сол кісіден үйрендік. Бүгін де халықтың келуі Ғазиза апайдың өнерін жақсы көріп келуі Ғазиза апайымызға құрмет деп білеміз.

ИНТЕРШУМ: Ғазизаның репертуарындағы бір әннен үзінді

РКС: Ғазиза Жұмекенқызының өнері ешқашан өлмейді. Әсемдіктің тұмарындай болып жарқырай бермек.

САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ