ДИКТОР: Шаңғы спорты - дене тәрбиесі жүйесіндегі негізгі қысқы спорт түрлерінің бірі. Бұл спорт түрінің қатарына шаңғымен жарысу, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы енеді. Балаларға арналған шаңғы спорт орталығының маусымаралық ашылуын көкшетаулықтар да күткен еді.

КСМ: Көкшетаулық Айя Аминова шаңғы спортын жанына серік еткен. Ол 7 жасында алғаш рет шаңғыға тұрған. Осы уақытқа дейін спорттың қыр-сырын меңгеріп келеді. Жетістіктері де жоқ емес. Шаңғы тебу денсаулыққа пайдалы, денені шынықтыруға қолайлы спорт, - дейді Айя.

СНХ: АЙЯ АМИНОВА, ШАҢҒЫ ЖАРЫСЫНАН СПОРТ ШЕБЕРІНЕ ҮМІТКЕР: Шаңғы жарысымен айналысып жатқаныма міне 7 жыл болды. Өзіме бұл спорт қатты ұнайды. Ата-анам мені толық қолдайды. Менің бұл бастамама олар тек қана риза. Көп жарыстарға да қатысып үлгердім. Облыстық, қалалық және республикалық жарыстарда бой көрсеттім. 2023 жылы шаңғы жарысынан спорт шеберіне үміткер атағы берілді. Бұл атақпен мақтануыма толық негіз бар.

РКС: Өңірде қыс ұзақ, жыл сайын қар шаңғы сырғанайтын қалыңдықта жауады. Сондықтан Ақмола облысы қысқы спорт түрлерін дамытуға қолайлы аймақ. Жастар тарапынан қызығушылық да көп.

СНХ: ЕВГЕНИЯ ВОЛОШЕНКО, ШАҢҒЫ ЖАРЫСЫ БОЙЫНША СПОРТ ШЕБЕРІ, БАПКЕР: 2008 жылдан бастап қызметімді атқарып келемін. Оның алдында 10 жасымнан бастап, шаңғы жарысымен айналысқан болатынмын. 28 жасыма дейін айналыстым. Олимпиада ойындарының қатысушысымын. Әлем кубогының кезеңдеріне және Ресейлік жарыстарға қатыстым. 2008 жылдан бастап бапкер болып жұмыс істеймін. Болашақ спортсмендерді тәрбиелеп келеміз. Халықаралық деңгейге де ақырындап дайындап жатырмыз. Ішінде Олимпиада резервінің балалары да бар. Шаңғы жарысы бойынша енді бастап келе жатқан балалар да бар.

РКС: Шаңғы тебу - денсаулыққа аса пайдалы. Шаңғы спорты баланың аяқ-қол, дене бұлшық еттерін күшейтеді. Сонымен қатар, жүрек-қан тамыр, тыныс алу мен жүйке жүйесіне оң әсер етіп, баланың тепе-теңдікті сақтай білу қабілетін арттырады.