ДИКТОР: Көкшетауға жұмыс сарапымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары тұрғындармен кездесті. Азаматтарды қабылдап, сан алуан сұрақтар мен мәселелерден құлағдар болған халық қалаулылары өзекті проблемалардың мейлінше аз уақытта шешілуіне күш салатынын жеткізді.
РКС: Мәжілісмендер ақмолалықтарды «AMANAT» партиясының облыстық филиалында қабылдады. Депутаттардың қабылдауына жазылған әр азаматқа ведомствалық орган өкілдері бекітілген. Олар әр сұрақты өз бақылауларына алып, мән-жайдың анық-қанығын шешуге белсенді ат салысты. Қалалықтарды мазалайтын өзекті мәселелердің бірі – балалар мен жасөспірімдерге арналған демалыс орындарының аздығы. Бұл сұрақ Юлия Кучинскаяға жолданды. Әуелбеков-Сәтпаев-Ақан сері және Назарбаев көшелерінің тұрғындары бос орынға ойын алаңын жасау туралы өтініштерін білдірді. Көкшетаулықтардың айтуларынша, ол жерде Кеңес үкіметі кезінде дене шынықтыру сауықтыру кешені болған. Ал қазір арамшөп басып, қараусыз қалған.
СНХ: ВАЛЕРИЙ КОВАЛЕНКО – КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен зейнетке шығып, үйде отырғанда балалардың ойнайтын жері жоқ екенін байқадым. Олар жолдың үстінде ойнайды. Көршілермен тату-тәтті өмір сүреміз. Сондықтан бірігіп ойын алаңын қалпына келтіруді жөн көрдік. Ұжымдық қол жинап, шаруаны әкімдікке тапсырдық. Алайда, олардың тарапынан кері байланыс болған жоқ.
РКС: Депутат, ол жер жеке меншік болуы мүмкін деген болжам жасады. Дегенмен, халық қалаулысы мәселенің ақ-қарасын анықтап, аталмыш жердің пайдаланылуының қаншалықты орынды екенін білу үшін депутаттық сауал жолдайтынын айтты.
СНХ: ЮЛИЯ КУЧИНСКАЯ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Мақсатты бағыт қандай болғанын қарау керек. Яғни, алдымен бұл жердің кімге тиесілі екенін, бұл жердің қандай мақсатта берілгенін білу қажет. Кейін жер иесін жерді мақсатына сай пайдалануға немесе сот арқылы оны мемлекет меншігіне қайтаруға міндеттеп, жерді балалар алаңы қылуға болады.
РКС: Депутаттардың жауабына риза болған зейнеткер, халық қалауларының қолдауына алғыс білдірді. Жалпы, депутаттардың алдына елу шақты ақмолалық келіп, көкейлеріндегі мәселелерін жеткізе алды. Халық қалаулылары болса, өздері қолдау білдірген тұрғындармен алдағы уақытта да байланыстарын үзбейтіндерін жеткізді.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ВАСИЛИЙ ПАВЛИДИ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ