ДИКТОР: Жаңа жыл жақындаған сайын облыс орталығында табиғи шырша саудасы қыза түскен. Тұрғындарды баға да, кезек те алаңдатпайды. Еске сала кетейік, елімізде табиғи шыршаны рұқсатсыз кесуге және оларды сатуға тыйым салынған.
РКС: Жылдан-жылға табиғи шыршаны зақымдалуы мен жойылуының алдын алу мақсатында заң күшейтіліп келеді. Бүгінгі таңда мемлекеттік орман иеленушілері магистральдық жолдардың бойында 30-ға жуық бақылау бекетін құрды. Ақмола облысында жас қылқан жапырақты ормандарды қорғауға күнделікті мониторинг жүргізетін 80-ден астам мобильді топ жұмылдырылған.
СНХ: АРМАН ТҰРЫМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ӘЛЕМІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қараша -желтоқсан айларында мемлекеттік орман қоры аумағындағы бір қарағай немесе шыршаны кескені немесе зақымдағаны үшін 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге тиіс. Бұл бір данаға ғана. Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау 100 айлық есептік көрсеткіштен аз зиян үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 381-інші бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Жеке тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 300, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 400, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
РКС: Шыршалар негізінен Ресей елінен әкелінеді. Жергілікті ағаштар да кездеседі. Жаңа жыл қарсаңында олардың бағасы 50 процентке төмендеген. Кейбір жерлерде 2000 және 5000 теңге аралығында саудаланып жатыр. Сатушылардың айтуынша, бағасы көлем мен биіктікке байланысты.
СНХ: ҚАЙЫРБОЛАТ, САТУШЫ: Бәрі балалары мен немерелері үшін сатып алуда. Бағаға ешкім қарамайды. Алдағы екі күнде сауда жақсы болады деп сенемін. Оның үстіне, шыршаның бағасы 50 процентке төмендеді. Жаңа жылдың басты нышаны оливье салаты емес, а осындай сұлу шырша деп ойлаймын. Иісі де керемет.
РКС: Шыршалар сырт келбетін 2 жарым айға дейін сақтайды. Ақмолалықтар жасанды шыршаны да сатып алуда. Ең кішісі 50 мың, үлкені 70 мың. Биіктігі 2 метр 10 сантиметр болатын жасыл сұлу 100 мың теңге.