ДИКТОР: Жыл басынан бері қала аумағынан үй салу мақсатында 40-тан астам жер телімі берілді. Әзірге жер учаскесі 2004-2005 жылдан бері кезекте тұрған азаматтарға үлестірілмек. Басты талап – берілген жер телімін уақытылы әрі мақсатты пайдалану. Көп жағдайда жердің игерілмеуіне инженерлік инфрақұрылымның жоқтығы себеп болып жатады.

РКС: Көптен күткен жерге қол жеткізгендердің бірі - Динара Добалова. Кезекте тұрғанына он бес жылдан асыпты. Бүгін оның қуанышы еселеніп, тілегі орындалды. 4 бала тәрбиелеп отырған анаға шаһардан 10 сотық жер телімі берілді. Енді сәтін салып, өздерінің жайлы баспанасын салуды армандайды.

СНХ: ДИНАРА ДОБАЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: 2004 жылдан бері кезекте тұрдым. Бүгін қолыма жер телімінің рұқсат құжатын берді. Өте қуаныштымыз. Неше жыл күтіп, күдерімізді үзе бастағанда, үмітіміз ақталды. Осы қуанышты хабарды жеткізу үшін қалалық әкімдіктен хабарласқанда абдырап қалғанымызды жасырмаймын. Берілген жер телімі бізге ыңғайлы жерде тұр. Қасында мектеп орналасқан. Бір сөзбен айтқанда керектің бәрі қол созым жерде.

РКС: Жер теліміне қол жеткізгендер 2 жыл ішінде баспанасын салып үлгеруі шарт. Оған дейін участок уақытша жалға беріледі. Құрылысты аяқтаған соң құжат әкімдікке өткізілуі тиіс. Содан соң барып қана жеке меншікке өтеді.

СНХ: ӘСЕЛ ЗӘРІПХАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: Қазіргі таңда жер заңнамасына сәйкес тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелері бос аумақтарда немесе арнайы дайындалған алаңдарда беріледі. Жеке тұрғын үй алу үшін аумақтар болмаған жағдайда азаматтардың өтініштері арнайы есепке алынады. Тиісті инфрақұрылым болмаған жағдайда, азаматтардың өтініші арнайы тізімге алынады. Сонымен қатар, бұл сұрақтың шешілуіне негізгі кедергі инфрақұрылымы бар алаңдарды дайындау үшін қажетті қаражаттың жетіспеушілігі болып табылатынын да ескерген жөн.

РКС: «Бірлік» және «Станционный» шағын аудандарында келер жылы баспана салуға арналған 300-ге жуық жер телімін бөлу жоспарланып отыр. Алайда, мұның өзі жеткіліксіз. Өйткені, қала бойынша 20 мыңнан астам адам кезекте тұр.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ