ДИКТОР: Тұрғылықты жері жоқ адамдардың өмірлік қиын жағдайда екені айтпаса да түсінікті. Осы санаттағы азаматтарға көмек көрсету үшін әлеуметтік бейімдеу орталығы мен жергілікті тәртіп сақшылары апта сайын рейд өткізеді. Әсіресе, қыс мезгілінде әлеуметтік патруль қызметкерлері тұрғылықты жері жоқ жандарға барынша жәрдемдесуге тырысады.
РКС: Қазір Көкшетаудағы бейімдеу орталығында 57 адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Олар мұнда жеке гигиена заттарынан бастап, барлық қажетті құжатты да ала алады. Оған қоса, жұмысқа орналасуға да көмектеседі.
СНХ: КАЙРАТ ЖАМАЛИЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНЫ: Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды анықтаймыз. Орталыққа олардың келісімімен ғана жеткіземіз, күштеп әкеле алмаймыз. Келіскен жағдайда жеке басын куәландыратын құжаттарды жасауға көмектесеміз, олар зейнетақыны ресімдейді. Қажетті жағдайда медицина қызметкерлер мүгедектік құжатын береді.
РКС: Мұндай санаттағы азаматтармен жан-жақты жұмыс жүргізіледі. Олармен психолог, әлеуметтік қызметкер, дәрігерле, полиция қызметкері мен кәсіпкерлер жұмыс істейді. Басты міндет - тұрғылықты жері жоқ адамдардың қоғамға бейімделуін қамтамасыз ету.
СНХ: ИРИНА СТОЛЯРОВА, ҚАЛАЛЫҚ ӘЛЕУМЕТТІК БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫН УАҚЫТША МЕКЕНДЕУШІ: Үйім жоқ. Көшеде жүрдім. Екі жыл бұрын да осы орталықта болғанмын. Жуырда полиция қызметкерлері мені тауып алып, осы орталыққа барасың ба?-деп сұрады. Мен бірден келістім.
РКС: Ирина мамандар тарапынан зор қолдау көрсетілгенін жеткізді. Жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеп берген. Сонымен қатар, ол жұмысқа орналасып, өзіне баспана тапты. Алайда, қазір нәзікжанды жұмысынан шығып, әлеуметтік бейімделу орталығына қайта оралуды жөн санапты. Әйел затының далада өмір сүруі оңай емес екенін өзі мойындап отыр. Сондықтан алдағы уақытта қызметкерлер қайтадан бейімделуге және басқа жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі деген үмітте.
СНХ: ӘДІЛХАН БЕКСҰЛТАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ҚАБЫЛДАУШЫ-ТАРАТУШЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Статистикаға сүйенсек, биыл тұрғылықты жері жоқ 77 адам қабылдап-тарату орнына жеткізілген. Оларда жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған. Рейд барысында біз анықтаған азаматтардың жеке куәліктері бар. Сондықтан біз оларды бұл жерге әкеле алмаймыз. Әлеуметтік бейімделу орталығына апаруға әрекет жасаймыз.
РКС: Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.
САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ