ДИКТОР: Қызылша – ауамен тез таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Бүгінде бұл сырқат еліміз бойынша өршіп тұр. Сондықтан да, мамандар вируспен күресудің бірден-бір жолы екпе егу екенін ескертеді. Көкшетау қалалық балалар емханасында 2 мыңға жуық бүлдіршін тіркелген. Оның 200-ден астамының ата-анасы баласына екпе еккізуден бас тартқан. Қызылшаның алғашқы белгісінде дене қызуы көтеріледі. Бірақ, ата-ананың көпшілігі мұны тұмаумен шатастырып жатады-дейді мамандар. Өйткені, бұл инфекция басталған сәтте 4 күн бойы дене қызуы көтеріліп, содан кейін бөртпе түрінде шығады. Сондықтан, ыстығы көтерілген баланы балабақша мен мектепке жібермей, бірден жедел жәрдем шақыру қажет. Айта кетейік, жасы 18-ге толған азаматтар да, қызылшаға қарсы екпе салдыра алады.

СНХ: ГҮЛНӘР БАЛТАШЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР ЕМХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қызылша ауруының қазіргі ахуалын ескере отырып, вакцина салынбаған балалар арасында аурушаңдық жоғары. Сонымен бірге ересектер арасында вирустық жұқпалы ауру тіркелуде. Айта кетейін, бұл аурудан айығу өте қиын жүреді. Сондықтан, қазір біз алты айдан он айға дейінгі балаларға екпе жасаудың маңызды екенін ескерткіміз келеді. Бұл тұрғыда ата-аналардың түсіністікпен қарауын сұраймыз. Бұрын бұл процедура 1 жасқа толғанда жасалатын. Сондай-ақ, бір мен алты жастағы бүлдіршіндерге де жоспарлы түрде вакцина салдыруды ұсынамыз. Кез келген ата-ана ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес жоспарлы екпелерді еккізуіне мүмкіндігі қарастырылған. Әр ата-ана үшін ашық диалогқа дайынбыз. Ол вакциналардың қалай сақталатынын, қалай тасымалданатынын, оны өндіруші елді, жарамдылық мерзімін білу үшін егу бөлмесіне келіп, жеке таныса алады. Мұның бәрі әр ата-ана үшін қолжетімді. Бұл вакцина 1967 жылдан бері қолданылып келеді. Содан бері құрамы өзгерген жоқ.