ДИКТОР: Қазақстанда қызылша белең алды. Әзірге, жұқпалы дерт еліміздің оңтүстік аймақтағы тұрғындарын әлекке салып тұр. Ал Ақмола облысының аумағындағы ахуал қандай? Ол туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдері баяндады.

РКС: Қызылша ауруы барлық өңірде тіркелген. Жоғары деңгей Шымкент пен Алматы қалаларында байқалып отыр. Ақмола облысындағы ахуалға келсек, жыл басынан бері өңірде 206 жағдай тіркелді, оның 139-ы зертханалық жолмен расталды.

СНХ: АЙНАГҮЛ МУСИНА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Сырқаттандардың 78 проценті балалар. 1 жасқа толмаған сәбилердің арасынан 22 дерек тіркелді. Қалған 111-і 14 жасқа дейінгі балалар. Сырқаттанған балалардың көпшілігіне вакцина егілмеген. 44 процентінде ата-аналар екпе егуге қарсылық білдірген. 13,5 процентінде медициналық тұрғыда вакцинацияға тыйым салынса, қалған балалар екпе егу жасына жетпеген.

СНХ: ВИКТОРИЯ ПИЧКУНОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Облыстық балалар ауруханасының инфекциялық бөлімшесінде 71 бала ем алды. Оның 43-ші вакцина алмаған. Осы жерде айта кетейін, сырқаттанған балалардың 99 процентіне екпе егілмеген. Осы ретте ата-аналарға ескерте кеткім келеді. Өзінен бұрын сәбидің өмірін қауіпке тігеді. Екі бүлдіршін ауыр жағдайда біздің емдеу мекемесіне түсті. Екеуі де 1 жасқа толмаған. Ұзақ емделді.

РКС: Науқастардың бойында қызылшаға қарсы антидене қалыптаспаған. Еліміз бойынша жағдай алаңдатарлық. Десе де, облыста жағдай әзірге тұрақты. Дегенмен, босаңсуға болмайды,-деп атап өтті мамандар.

СНХ: АЙНАГҮЛ МУСИНА, ОБЛЫСТЫҚ САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Қазан айымен салыстырғанда аурудың үш есе өскенін байқаймыз. Көкшетау қаласында сырқаттанғандардың үлесі басым. Себебі, мұнда халық саны көп.

РКС: Екпе – індетпен күрестегі жалғыз құрал. Жаппай иммундаудан ауыл тұрғындары да қалыс қалмауы тиіс. Санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің мамандары жуық арада өңірдегі елді мекендерге жылжымалы пункттер ұйымдастырып, аталған дерттің алдын алмақшы.

САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ