ДИКТОР: Әкімдік отырысында өткен жиында өңір басшысы Бұланды ауданының жаңа әкімін таныстырды. Сондай-ақ, құрылыс саласындағы өзекті мәселелер мен қыс мезгіліне автомобиль жолдарының дайындығына қатысты сұрақтар талқыланды. Өңірде құрылысы аяқталмай тұрған алпыстан астам нысан бар екен. Күн тәртібіндегі айшықты мәселелердің шешімі қандай? Бейнематериалдан көріңіздер.
РКС: Отырысты бастаған облыс әкімі Марат Ахметжанов 5-қарашада өткен әкімдерді сайлау нәтижесіне тоқталып, сайланған әкімдерді тағы бір мәрте атап өтті. Сондай-ақ, Президент Әкімшілігі мен аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша облыс әкімінің бұйрығымен Ардақ Смайылов Бұланды ауданының әкімі болып тағайындалды.
ИНТЕРШУМ: таныстыру сәті
РКС: 35 тұрғын үй мен 9 әлеуметтік нысан құрылысы сағызша созылған ғимараттардың қара тізіміне енген. Көшті Көкшетау бастап тұр. Облыс орталығында құрылысы аяқталмаған нысандардың саны 18.
СНХ: МАРАТ ӘУБӘКІРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Құрылыс жұмыстарының созылып кетуінің негізгі себебі – материалдардың қымбаттауы, жұмыстарына салғырт қарайтын мердігер компаниялар. 2020 жылы болған ковид те кері әсерін тигібей қоймады. Карантин болып, жұмысшылар қатынай алмай қалды. Сондай-ақ, қажетті қаражаттың уақытылы бөлінбеуі де басты себеп.
РКС: Марат Ахметжанов бұл нысандарды қатаң бақылауға алу керектігін айтты. Сондай-ақ, бір құрылысты аяқтамай жатып, екіншісін бастаудың қажеті жоқ екенін ескертті.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Осы ретте Атбасар, Аршалы, Ақкөл, Бурабай, Егіндікөл, Есіл, Целиноград аудандарының және Көкшетау, Степногорск қалаларының әкімдеріне тиісті шараларды қолдануды тапсырамын. Баяндамада айтылған барлық нысандар бойынша жұмыс жоспарын жазып, маған көрсетіңіздер. Әр нысанға байланысты мәселелердің шешу жолдарын қарастырыңыздар.
РКС: Сондай-ақ, жолдардың қысқа дайындығы да айтылды. Бұл мақсатқа биыл 234 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда, облыста қар жинайтын 132 техника бар.
СНХ: ВЛАДИМИР КУЛАКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Қыс мезгіліне дайындалу және жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жолдарға өлшеу жасалды, бұталарды кесу, жол жиектеріндегі шөптерді шабу және барлық қажетті жол белгілерін орнату бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Қар алып қалатын автожолдардың тізімі бар. Бұл жалпы ұзындығы 300 шақырым болатын, 116 участок.
РКС: Жауапты мамандарға жұмысты белсенді атқарып, қолайсыз ауа-райының кесірінен далада қалған жолаушыларға дер кезінде көмек көрсету үшін жолдарды қардан тазалау жұмыстарын уақытылы атқару міндеттелді.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЗАРИНА БЕККАЛИЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ