ДИКТОР: Ақмола облысында 39 елдімекенде электр энергиясы тапшы. Жарыққа жарымай отырған ауылдардың бәрі бір ғана Зеренді ауданына қарайды. Желінің 90 проценті әбден тозған. Ал, оған иелік ететін жеке компания қаржы шығармай қарекетсіз отыр деп налиды тұрғындар. Мәселенің мән-жайын әріптесім Ұмсындық Наурызбаева анықтады.

РКС: Ауылда жарық күнара сөнеді. Тіпті техника да шыдамайтын болды,-дейді Гүлсім Құсайынова. Жарық сөнгенде су да жоқ. Сондықтан зейнеткер үйдегі ыдыс атаулыны толтырып әлек.

СНХ: ГҮЛСІМ ҚҰСАЙЫНОВА ШАҒАЛАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біздің күнкөрісіміз осы, мінекей, су аламыз. Осылай запастап. Су болмай қалады. Свет болмай қалады.Жанталасып жүгіріп келіп су аламыз.

РКС: Ашынған халық әкімдіктің табылдырығын тоздырып шаршаған. Бір апта бұрын ғана қар аралас жаңбыр мен қатты желдің кесірінен бірнеше ауыл жарықсыз қалды.

СНХ: БАУЫРЖАН ЕРЖАНҰЛЫ ШАҒАЛАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Постоянно свет өшеді бізде. Өздеріңіз көріп тұрсыздар. Қазір жел соғып тұр. Қазір енді свет өшеді. Бәрі уже үйреніп алған. Өйткені, неге десеңіз? Мына столбтардың бәрі шіріп кеткен. Зорға тұр. Совет үкіметінен бері тұр.

ИНТЕРШУМ:

- Бұрын бізде үш электрик болған. Қазір бірде біреуі жоқ. Зерендіден тосамыз. Олар қашан келеді? Оларда авария болмаса келеді. Авария болса, тұра тұрыңдар дейді.

РКС: Электр желісі жарты ғасырдан бері жаңартылмаған. Бағаны қисайып, сымдары үзіліп жатыр. Онымен қоймай, кеш түссе, трансформаторлардың қуаты жетпей, жалын ұшқындап, тұрғындардың зәре құтын қашырады.

STAND-UP: ҰМСЫНДЫҚ НАУРЫЗБАЕВА, ТІЛШІ: Ауылдың қақ ортасында орналасқан трансформаторлардың аумағы мүлдем қоршалмаған. Тозып тұрғанымен қоймай, барлығы ашық-шашық күйде жатыр. Демек, адам өміріне аса қауіпті.

РКС: Зеренді аудандағы 180-ге жуық трансформатор мен 800 шақырымнан астам электр желісі жеке компанияның меншігінде. Тұрғындарды әбден зар илеткен кәсіпкер жылдар бойы жөндеу жұмыстарына бір тиын шығармаған көрінеді. Қанша қоңырау шалғанмен онымен тілдесу мүмкін болмады. Ал жергілікті билік кәсіпкермен бірнеше жылдан бері соттасып жатыр.

СНХ: БОЛАТ ДҮЙСЕНОВ, ШАҒАЛАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ: Бес жыл болды. Сот арқылы қазір бізде ғана емес, Астанада да қаралып жатыр. Бірақ олар меншік болған соң, біз түк те істей алмай отырмыз. «Зеренда Групп» дейтін бастығы, директоры Жангалов Досбол Баянович деген кісі. Сол кісінің қарамағында осы түгел жарықтың мәселесі.

РКС: Желіде апат болса, аудан техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялап амалдайды. Жыл он екі ай жарықтан тарыққан 40-қа жуық елдімекеннің жұрты қыста қайтіп күн көреміз деп күйзеліп отыр.

ҰМСЫНДЫҚ НАУРЫЗБАЕВА, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ