ДИКТОР: Облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесі кәріз суына толып кеткен. Мүңкіген сасық иіс қолқаны қабады. Тіпті 72 пәтердің іші тұрмақ, үйдің маңынан жүру де мүмкін емес. Қаланың қақ ортасында орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары амалы таусылған соң, біздің редакциямызға келіп шағымданды. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Ризагүл Шәменова анықтап қайтты.
РКС: Назарбаев көшесінде орналасқан 9 қабатты үйдің тұрғындары көмек сұрап отыр. Үш аптадан бері мәселе шешімін табар емес. Кәрізден аққан ағынды лай су жертөлеге толып қалған. Пәтер иелері кооперативі мен жауапты органдарға арызданғанымен, олардан еш қайыр болмай тұрғанын айтады тұрғындар.
СНХ: САНИЯ СТРЕМЕНЮК, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Үш апта бойы біздің мәселеміз шешілген жоқ. Пәтер иелерінің кооперативі су арнасына сілтейді. Яғни, мәселе біздің жертөлеге ғана келіп тіреліп тұрған жоқ. Маңайдағы құдықтар да толып қалған. Енді біздің кәріз жүйесі істен шыға ма деп қорқамыз. Мен тоғызыншы қабатта тұрамын. Тіпті біздің пәтерге дейін сасық иіс келіп жатыр. Астыңғы қабаттардың күйін айтпай-ақ қояйын. Бір амалын тауып, бізге көмектесіңіздер дегім келеді. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, қалалық су арнасы мен қалалық әкімшілік бірлесіп мәселемізді шешіп берсін деп өтінеміз.
РКС: Жертөле енді пайдалануға жарамсыз. Ол жерде жылу есептегіш құрылғысы тұр. Пәтер иелері кооперативінің өкілдері егер «Көкшетау су арнасының» сорғысы қайтадан іске қосылса, онда олар жертөледегі барлық суды бірнеше күн ішінде сорғытып алатындарын айтып отыр.
СНХ: ЕРІК БЕКІШЕВ, «ОЛЖАС» ПӘТЕР ИЕЛЕРІ КООПЕРАТИВІНІҢ ИНЖЕНЕРІ: Мұнда 15 кәріз сорғы станциясындағы құрылғыдан ақау шығып, жарамсыз болып қалды. Сондықтан біздің үйдің жертөлелері суға толып тұр. Су арнасының өкілдері бұл мәселеден хабардар және бұл мәселені шешу үшін қолдан келгенін жасап жатыр. Сорғы жөнделген соң суды толығымен сорып аламыз.
РКС: «Көкшетау су арнасы» күн сайын суды сорғымен сорып алып жатқандарын айтуда. 16-шы қарашадан бері жұмысты бастап кеткен.
СНХ: ЖАНАТ БЕЙІСОВ, «КӨКШЕТАУ СУ АРНАСЫ» КӘСІПОРНЫНЫҢ МАМАНЫ: Бұл үйдің мәселесі туралы білеміз. Кәріз сорғы станциясының құрылғысы күйіп кеткен. Дәл қазіргі уақытта біз Беларусь тракторының бір бөлшегін сорғыға орнатып, бұл мәселені уақытша болса да шешіп жатырмыз. Күндіз суды сору жұмыстарын жүргіздік. Жақын арада істен шыққан құрылғыны жөндеп, суды толық сорып алу жұмысын аяқтаймыз. .
ИНТЕРШУМ: су арнасының жұмысы
РКС: Айта кетейік, аталған үйдің тұрғындары бұдан өзге де мәселенің бар екенін айтып қалды. Табиғи газдан да тапшылық сезіледі. Көгілдір отынды жеткізетін ұйым ауысқанға дейін тұрғындар бұл мәселеге тіпті бас қатырған емес.
ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ