ДИКТОР: Ақмолалық 13 спортшы XIX Азия және IV Параазия ойындарына қатысты. Атақты спортшыларды және олардың жаттықтырушыларын облыс орталығы құрметпен қарсы алды. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов Азия ойындарының жүлдегерлерін Президенттің атынан ақшалай сертификаттармен және Алғыс хаттармен марапаттады.

РКС: Азия ойындары 4 жылда бір рет өткізіледі. Қазақстан құрамасы Азиадаға 1994 жылдан бері қатысып келеді. Әр ойында лайықты нәтижеге қол жеткізіп, жүлделі орындарды еншілеп жүр. Бұл орайда ақмолалық атлеттердің орны ерекше. Қытайдың Ханьчжоу қаласында өткен ойындарда Карина Ибрагимова мен Аян Бейсенбаев жүлдегер атанса, Параазиадада Давид Дегтярев үздік атанды. Облыс әкімі спортшылардың дайындық деңгейін жоғары бағалады.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Сіздер, бұл жеңіс эстафетасын біздің атақты спортшыларымыздан қабылдап алдыңыздар. Халықаралық жарыстарда лайықты өнер көрсетіп, облыс пен ел мерейін көтергендеріңіз үлкен абырой. Бүгінгі таңда әлемдік спортта бәсекелестік күшейе түсуде. Бұл біздің спортшыларымыздан темірдей тәртіпті, асқан төзімділікті, жақсы нәтижеге жету жолында көп күш-жігерді талап етеді.

РКС: Марапатталғандардың бірі-Аян Бейсенбаев. Соңғы жылдары биік белестерді бағындырып жүр. Триатлоншы қос сайыста Азия чемпионатында үздік атанды, сондай-ақ триатлоннан Азия чемпионатынан алтын медаль жеңіп алды. Азиадада Аян mix эстафетасынан 6 орыннан көрінді. Ал олимпиадалық қашықтықта елге қола медаль әкелді.

ИНТЕРШУМ: марапаттау

СНХ: АЯН БЕЙСЕНБАЕВ, XIX АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ: Сауд Арабиясындағы Спринт санатында триатлоннан Азия чемпионы атандым. Жақында ғана үйге келдім. Бүгін облыс әкімінен осындай марапаттау алып отырмын. Барлық спортшыларға, ең бастысы шыдамдылық тілеймін. Алға қарай ұмтылу керек, сонда бәрі де ойдағыдай болады!

РКС: Азия ойындарының жүлдегерлеріне Мемлекет басшысының атынан Алғыс хаттар мен 5 миллион теңгенің сертификаттары табыс етілді. Сонымен қатар, Азиададағы жетістіктері үшін Андрей Тютюн мен Ирина Кузнецова 2 миллион теңгенің ақшалай сертификатымен марапатталды. Спортшылардан бөлек, өңірдегі спортты дамытуға қосқан үлестері үшін олардың бапкерлері де назардан тыс қалған жоқ.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ВАСИЛИЙ ПАВЛИДИ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ