ДИКТОР: Көкшетаудағы №6 мектеп-лицейінің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті. Білім ордасын құттықтауға мектеп бітіруші түлектер мен ардагер ұстаздар келді. Педагогикалық ұжым мен оқушылар концерттік бағдарлама дайындады.

РКС: Тарихи дерекке сүйенсек, мектеп 1943 жылы ашылды. Алғашқы жылы небәрі 4 сынып оқытылды. 80 жылдың ішінде №6 мектеп-лицейі ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген мыңдаған лайықты түлекті тәрбиелеп шығарды.

СНХ: МАРАТ ЫБЫРАЕВ, №6 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ТҮЛЕГІ: 1975 жылы алғашқы мектеп түлегі болдық. Сол жылдары бізді білім нәрімен сусындатып, мамандық таңдауымызға көмектескен ұстаздарыма алғысым шексіз. Сол кісілердің арқасында мен институтты аяқтап, физика пәнінің мұғалімі атандым. Мектеп қабырғасында біз болашағымыздың іргетасын саламыз. Ол болашақта табыстың кілті деп білемін.

РКС: Жетістіктері мен игі істері облысқа, республикаға белгілі түлектерге «Алтын мектеп қоры» сертификаттары табыс етілді. Биыл білім ошағының қабырғасына кейінгі ұрпақты биіктерге талпындыратын үздік түлектерге арналған Құрмет тақтасын құру да жоспарланып отыр.

СНХ: АЙБЕК БАЙМҰРЗИН, №6 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ТҮЛЕГІ: Ұстаздарыма, мектеп ұжымына білім нәрін сыйлаған үшін шексіз алғысымды білдіремін. Ұстаздарға сәттілік тілеймін. Мектеп тек өркендеп, көркейіп көптеген жақсы маман иелері шығара берсін!

РКС: Зейнеттегі ұстаздарға мерейтойлық медальдар табыс етілді. Сонымен қатар, көп жылғы еңбегі мен отандық білімге қосқан үлесі үшін шәкірттері олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орындарға ие болған ұстаздар марапатталды.

СНХ: ЛЮБОВЬ АРХИПОВА, ЗЕЙНЕТКЕР: Көптен күткен мектептің мерейтойы. Шын жүректен мектеп ұжымын құттықтаймын. Мен мектеппен құрдаспын деп айтуға да болады. Қазір менің жасым 78-де. Зейнеткерлікке шыққаныма 20 жыл болды. Содан бері мектепке қонақ ретінде келемін.

СНХ: ДАРИҒА НАҒМАНОВА, №6 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ 11 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ: Бүкіл ұстаздарды, бүкіл оқушыларды осы мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын. Зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін!

РКС: Мектеп бітірушілер, оқушылар және мектеп ұжымы дайындаған концерттік бағдарлама жиналған қонақтарды қуантты. Бір айта кетерлігі, білім ошағында білім алушылардың жағдайы мен материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді. Биыл мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтті.

ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ