ДИКТОР: Халық арасында "Шанхай" аталып кеткен Застанционный шағын ауданының тұрғындары көп жылдан бері жол азабын тартып отыр. Жергілікті тұрғындар жол мүлдем жөнделмейді деп шағым айтуда. Олар жауапты мекемелерге бірнеше рет хат та жазған. Мәселені шешу үшін биыл Ағыбай батыр мен Қайнар көшелерінің қиылысынан Лиза Чайкина көшесіне дейін балшық төселіпті. Бірақ, жауын-шашыннан кейін жағдай тіптен қиындаған. Балшық езіліп, тұрғындар жаяу жүре алмай, көліктер батып, жағдай ушығып кеткен.

РКС: Застанционный шағын ауданының көшелеріне жөндеу жұмыстары биыл ғана басталған. Оның өзінде тек ағымдағы жөндеу жұмыстары. Бір жерге қиыршық тас төселіп, ал кейбір аумақтардың тек шұңқырлары жабылған. Жаяу жүргіншілер жолы, суағар жүйелері, жол жиектерін жөндеу мүлде назардан тыс қалған. Қайнар көшесінің бойында мектеп бар. Әсіресе, балалардың білім ошағына қатынауы қиын. Өйткені жол жоқ, кешкісін көше тас қараңғы.

СНХ: ДИНАРА САПАРОВА, ЗАСТАНЦИОННЫЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен осы жерге жақын тұрамын. Мына саз балшықпен жүру өте қиын. Балалар мектепке осы жолмен барады. Ағыбай батыр көшесін жөндегендей болды. Басында жақсы болған, жауын шашыннан кейін жүру мүлдем мүмкін емес. Көшелерде жарық жоқ, балалар үйге қараңғыда осы көшемен келеді. Мектепте еден жуушы болып жұмыс істеймін, қараңғыда шығамын, қолшаммен жүрсек те саз балшыққа түсіп кетеміз.

СНХ: АЙНҰР ЖАҚЫПОВА, ЗАСТАНЦИОННЫЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мына Қайнар көшесімен жүру мүмкін емес, қызым екі рет сазға құлады. Жолдың жағдайын көріп тұрсыздар ғой, жол салып беріңіздер, көшелерде жарық та жоқ.

 СНХ: АЮБ БЕКОВ, ЗАСТАНЦИОННЫЙ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Ағыбай батыр көшесінде осы күзде жолдың үстіне балшық төсеген. Ол саз болып шықты. Осы саз балшықпен оқушы да ересек те жүре алмай қалдық. Үнемі екінші аяқ киім алып жүруге тура келеді. Көлікпен де жүре алаймыз, балшық жабысып жүргізбейді.

РКС: Бұл көшелермен көлікпен жүрудің өзі қиын, техника бірден балшыққа батады. Такси мүлде келмейді,- дейді тұрғындар. Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі ағымдағы жөндеу жұмыстарына еш қатысы жоқтарын айтып отыр.

СНХ: ЕЛЕНА СУХАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: Ағыбай батыр көшесінің ағымдағы жөндеуін тұрғындардың өз округінің депутатына жазған өтініштері негізінде жасалған. Біз бұл жұмысты жүргізген жоқпыз.

РКС: Айта кетейік, бөлім басшысы қалай болған күнде де бұл мәселені қарашаның соңына дейін шешетіндіктерін айтты. Оған да шамалы қалды. Уақыт төреші.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ