ДИКТОР: 1942 жылы салынған мектептегі жөндеу жұмысы бірнеше рет мерзімінен кешіктірілген. Сондықтан, балалар Есіл қаласындағы басқа білім беру мекемелерінде оқуға мәжбүр. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов ауданның жаңа басшысына бірқатар тапсырма беріп, бірнеше нысанды аралады.

РКС: Аудан бойынша жарты ғасырдан асқан білім ошақтары өте көп. Сондай-ақ, соғыс жылдарында салынған мектеп те бар. Бұл тарихи нысанға былтырдан бастап күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Алайда, пайдалануға беру мерзімі үнемі кешіктірілуде. Соның салдарынан осы мектепте оқитын балалар қаланың басқа білім ошақтарына сабылуда.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бірінші қыркүйектен бастап осы мектепте оқу жылы басталу керек еді ғой. 700-ден астам оқушы әр жерде білім алуға мәжбүр. Басқа жерге күнде сабылу оңай дейсіздер ме? 1-ші қыкүйекте балалар жөндеуден өткен мектепке келуіп, оқу жылын бастаулары керек еді ғой.

РКС: Жөндеу жұмыстарына да сын көп. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов құрылыс кезінде сапасыз материалдар пайдаланған мердігерлерді қатты сынады. Бұдан бөлек, мектептің жалпы пайдаланылатын аумағы мейлінше қысқарған. Қабырға мен төбені қалыпқа келтіруге өте арзан гипсокартон қолданылған.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Үлгермейтініміз айдан анық. Сапалы әрі басынан аяғына дейін дұрыс атқарылуы үшін жұмысты қаңтар айынан бастау керек. Әр шегесі мен шамына дейін қараңыздар. Аудан әкіміне тапсырамын. Өзім желтоқсан айында келіп, бәрін тексеріп кетемін.

РКС: Жергілікті орталық қонақ үйінің бүгінгі жай-күйі де мүшкіл. Болашақта ғимаратты шағын отбасылық жатақханаға айналдыру жоспарда бар. Қалалық емхана медициналық мақсатқа лайықталмаған ғимаратта орналасқан. Аудан үшін жоғары әрі тұрақты еңбекақы бола тұра, кәсіби мамандардың жетіспеушілігі байқалады.

СНХ: НҰРЛАН АҚЫЛБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Қалада 42 дәрігер еңбек етеді. Орташа жалақы 450 мың теңге. Жыл басынан бері 4 маман келді, жалдамалы пәтер берілді. Бұл жерде цифрлық құрылғы, рентген, маммограф, флюрография құралдарының бәрі ескірген. Көрсеткіштерді жақсарту үшін мамандар қажет. 4 автокөлік керек.

РКС: Аймақ басшысы қалалық емдеу мекемесін жаңадан салуды қадағалауды тапсырды. Ол алдағы 2 жылда салынады деп жоспарланып отыр. Облыс әкімі Марат Ахметжанов тұрғындар алдындағы өз міндеттерін адал атқарып отырған жергілікті дәрігерлерге алғыс білдірді.

САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ВАСИЛИЙ ПАВЛИДИ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ