ДИКТОР: Еске сала кетейік, Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Ақмола облысының зиялы қауым өкілдері ел тұрғындарының саны 20 миллионға жеткені ел үшін үлкен қуаныш, игі жақсылық екенін жарыса айтып, құттықтауда.

РКС: Халық санының көбеюі еліміздің демографиялық өсімі ғана емес, экономикалық дамуына да зор ықпал етпек. Облыстың зиялы қауым өкілдері тарихи сәтті жақсылыққа балап отыр. Күні кеше төл теңгеміздің 30 жылдығын сән-салтанатымен атап өтсек, іле 20 миллионыншы кішкентай қазақстандықтың өмір есігін ашқанына ұласты. Ақмола облысында Ясина есімді сәби дүниеге келді.

СНХ: ҒОСМАН ТӨЛЕҒҰЛ, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз. Қыркүйек айында президентіміз жолдауында айтқан еді ғой, жылдың аяғына дейін Қазақстанның халқы 20 миллионға құдай қаласа жетеді деп. Міне, соның куәсі болып отырмыз. Ол кісі бүгін Қазақстандықтарды құттықтап, 20 миллионыншы тұрғынымыз дүниеге келді деп сүйінші сұрап отыр десек артық болмас. Шын мәнінде солай ғой, қазақы дәстүрмен. Тарихта қазақ халқы не көрмеді?! Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы ғой. Жасағанның жар болып, қолдауымен қазақ халқы өсіп, өніп келе жатыр. Міне, Республикамыз 20 миллионшы межеге жетіп, асып отыр. Бұл да болашағымызға керемет үлкен үмітпен қаратады.

РКС: Ауған соғысы ардагерлерінің атынан Дуанбай Ыбырай өмір есігін ашқан сәби бейбіт аспан астында бақуатты ғұмыр кешсін деген игі тілегін жеткізді.

СНХ: ДУАНБАЙ ЫБЫРАЙ, «АУҒАН СОҒЫСЫ ОДАҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛІСТІГІ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Президентіміз Қ.Тоқаевтың хабарламасын естіп қуанып қалдық. 20 миллион адам бүгінде өмірге келген екен. Жас сәбиге деннің саулығын, шешесіне амандығын тілейміз. Ол ата-анасының ғана емес, елінің патриоты, елін қорғайтын, найзаның ұшымен, білектің күшіен жүрген батырлардың жолын берсін деп тілейміз.

РКС: Гүлнәр Әлібекова педагогика саласының ардагері. Асыл жар, аяулы ана, мейірімді әже. Ұстаздық жолында талай шәкірт тәрбиелеп, үлкен өмірге жол сілтеген Гүлнәр апайдың да қуанышында шек жоқ.

СНХ: ГҮЛНӘР ӘЛІБЕКОВА, ПЕДАГОГИКА САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: Бізге тек қана қуаныш әкелсін. Біздің елімізде өте көп мүмкіндіктер бар. Бала бақшалар мен мектептер көбейсін. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын. Бірлік тірлік болсын соны тілеймін.

РКС: Айта кетейік, соңғы 10 айда Ақмола облысында 10 мыңға жуық бала дүниеге келген.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, АЙЫМГҮЛ НАЗАРОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ