ДИКТОР: Жиырма миллионыншы қазақстандық Ақмола облысы, Бурабай ауданына қарасты Жасыл ауылында дүниеге келді. Бүлдіршіннің анасы мұғалім болса, әкесі жергілікті мекемеде энергетик болып қызмет етеді. Қуаныш иелерін облыс әкімі Марат Ахметжанов құттықтап, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сыйлық табыстады.

STAND-UP: ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ТІЛШІ: Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Дүниеге келе сала дүйім жұрттың назарын өзіне аударып, жиырма миллионыншы қазақстандық болып тіркелген бүлдіршін Бурабай ауданына қарасты Жасыл ауылының тұрғыны. Бұл қуанышты жаңалықты естіп бәріміздің де төбеміз көкке бір елі жетпей қалды десек артық айтпағанымыз. Жас босанған ана мен бала мына палатада демалып жатыр. Ішке кіріп жағдайларын білейік. Динара ханым, құттықтаймыз. Кішкентайыңыздың бауы берік болсын! Жағдайларыңыз қалай?

СНХ: ДИНАРА КАРЕНКИНА, БУРАБАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Рахмет. Барлығы жақсы. Біз 14-қараша күні сағат жетіден аса келдік осы перзентханаға. Сосын сегізден он кеткенде бала дүниеге келді. Баланың есімін құранымыздың жүрегі саналатын ясин сүресінің құрметіне Ясина деп қойдық. Барлығы жақсы өтті. Дәрігерлерге, барлығына алғысым шексіз. Бала 4 килограмм 114 грамм болып дүниеге келді. Бойы 57 сантиметр.

РКС: Кішкентай Ясина Исеновтар отбасындағы екінші бала. Үйінде қарындасын Дінмұхаммед атты 2 жасар ағасы тағатсыздана күтіп жүр. Әкесі болса, қызының 20 миллионыншы болып туғанына әлі де сенбейтінін айтады.

СНХ: АЙДАР ИСЕНОВ, БУРАБАЙ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Ақпарат бүгін таңертең расталды. Мен өте қатты таң қалдым. Келіншегімнен рас па, шынымен ба деп қайта-қайта сұрай бердім. Ал, бүгін біздің округ әкімі келіп мені жұмыстан алып кетті. Бірақ, алғашқыда маған жұмыс бойынша деген. Тек осында келіп, көліктен түсер кезде, біздің 20 миллионыншы болғанымызды растап құттықтады. Шынымды айтсам, отырған орнымнан тұра алмай қалдым.

РКС: Бақытты ата-ананы облыс әкімі Марат Ахметжанов құттықтады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сыйлықтарын табыстап, игі тілектерін жеткізді.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл енді өзімізге бір ерекше мақтаныш. Және бұл ақмола облысының көркем Бурабайда дүниеге келіп жатқан бала. Сондықтан, шын жүректен құттықтаймын. Осындай денсаулығы зор болып, үлкен еліміздің азаматы болып өссін. Президенттің атынан осындай сіздерге сыйлық тартуға рұқсат етіңіздер.

РКС: Жалпы бұл перинаталдық бөлімде тәулігіне 4-5 бала туады. Ал, жыл басынан бері 700ден астам сәби осы жерде дүние есігін ашқан.

СНХ: ГҮЛНӘР ТҰРСЫНБЕК, ДӘРІГЕР НЕОНАТОЛОГ: Біздің перзентханамыз тек қана Бурабай ауданының әйелдеріне арналмаған. Біржан сал ауданының және Бұланды ауданының жүкті әйелдері бізге келіп босанады. Былтырғы жылда бізде біздің перзентханамызда 1120 нәресте дүниеге келді.

РКС: 14 қараша күні дүниеге келген мерейлі 5 сәби Ұлытау , Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында туған. Барлығы таңғы сағат 8-ден 10 минут кеткенде дүниеге келген. Олардың үшеуі ұл, екеуі қыз бала. Әрқайсысына 2 млн теңгеден берілді. Қаржылай сертификатты ата-аналар баспана алуға жұмсай алады. Айта кетейік, тәуелсіздік жылдарында ел халқы 22,3 %-ке өсті. Мәселен, 1991 жылмен салыстырғанда 2022 жылы бала туу саны 403,9 мың адамға дейін жоғарылаған.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ