ДИКТОР: Теңге тарихы Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылдың 12 қарашасында қол қойған «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Заңынан бастау алады. Арада үш күн өткенде, 15 қарашада ел аумағындағы жаңа сауда-саттық жасау құралы ретінде төл теңге қолданысқа енді. Ескі үлгідегі ақшаларды Қазақстанның жаңа теңгесіне айырбастау 20 қараша күні аяқталды. Айналымнан жалпы сомасы 950 миллиард рубль алынып тасталды. Ұлттық валютамыз теңгенің айналымға енгеніне биыл 30 жыл толып отыр.

РКС: 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. Ертесіне қазақ валютасын өмірге келтірген суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Қайролла Әбжәлеловтер Англияға аттанды. Сол жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітіліп, теңге Ұлыбританияда басылып шықты. Сөйтіп, 1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы - теңге айналысқа енгізілді. Ескі ақшаны, яғни рубльді теңгеге айырбастау 1993 жылы 15 қарашада сағат 8.00 басталып, 20 қараша күні сағат 20.00-де аяқталды. Рубльді теңгеге ауыстыру жұмыстарына дайындық ерте басталған, бірақ өте құпия жүргізілді

 СНХ: АСЫЛХАН ОСПАНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІНІҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚЫЗМЕТКЕРІ: Маған айтты, барлық инкассаторларды алып Алматыға кел деді. Самолет жалдап, 2 самолет ұшып бардық. Самолет сыйғанша рубльді Көкшетауға алып келдік. Бізге айтқаны қолма қол бір жұманың ішінде таратыңдар деді. Октябрь басы ғой деймін. сонда бірінші рет қанша ақшаның ішінде жүргенмен отыратын орын жоқ. Ақшаның үстіне жатып келдік. Тереземен бірдей ақша артылған. бір жұманың ішінде таратып үлгердік. Жалпы жақсы өтті деп есептейміз.

РКС: Ұлттық банк бастапқыда 1 теңгені сол кездегі мың рубльге бағалаған. Дегенмен еліміздің саяси, әлеуметтік мәселелері және мемлекетаралық қатынастар ескеріліп, 1 теңге 500 рубльге бекітілген.

СНХ: АЙНАГҮЛ ЖОЛДЫБАЛИНА, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 2002 жылдың мамыр айында ел Президентінің Қазақстан Ұлттық банкінің баспа фабрикасын құру туралы Жарлығы шықты. 1993 жылы бағалы қағаздарды басып шығаратын цех өз жұмысын бастап, қағаз ақшалар шығарыла бастады. Теңге әлемдегі үздік ақша болып танылды.халықаралық банкноталар бірлестігі екі жыл қатарынан қазақстандық теңгені жыл банкнотасы деп жариялады. Отандық теңге дизайны, шығармашылық деңгейі, техникалық орындалуы жағынан үздік деп танылған.

РКС: Ең алғашқы төл теңгемізде қазақтың ұлы ойшылдары, күйші-ақындары мен хандарының бейнесі бейнеленгені есімізде. 2006 жылы 15 қарашада Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноталардың келбетіне өзгерістер енгізіп шығарды. Мұндағы шаралар банкнотадағы адам бейнесінің болмауын және олардың қорғаныс қабілетінің жоғары болуын көздейді. 2022 жылы Қазақстан Ұлттық банкі номиналдық құны 20 000 теңгелік банкнотты айналымға шығарды. Банкнот айналымдағы ақша белгілерімен бірыңғай стильде жасалған. Банкноттың 25 қорғаныш элементі бар.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ