ДИКТОР: Әкімдерді сайлау бойынша қолға алынған пилоттық жобаға енген аудандардың бірі Есіл ауданы. Облыс әкімі Марат Ахметжанов жаңадан сайланған халық қалаулысын құттықтап, ауданның дамуына бағытталған міндеттер мен тапсырмаларды тізіп шықты.

РКС: Есіл ауданының әкімі болуға екі үміткер ниет білдерген. Олардың бірі Серік Балжанов, 2019-2022 жылдар аралығында осы ауданның әкімі лауазымында болған. Мемлекеттік қызметтегі жалпы өтілі 8 жыл. Дауыс берушілердің шешімі мен сайлау қорытындысы бойынша Серік Мырзахметұлы тағы да әкім болып тағайындалды. Жаңа әкімді құттықтаған ауданның бұрынғы әкімі Еркебұлан Баяхметов мұндағы шешілмеген мәселенің көптігіне тоқталды.

СНХ: ЕРКЕБҰЛАН БАЯХМЕТОВ, ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ БҰРЫНҒЫ ӘКІМІ: Құрметті жолдастар, мен Есіл ауданында екі жыл әкім болдым. Сіздермен жұмыс істеу көңілімнен шықты. Сондықтан, барлықтарыңызға айтар алғысым шексіз. Шешілмеген мәселе өте көп. Алдағы уақытта олар шешімін табады деген ойдамын. Дегенмен, біз сіздермен көп жұмыс атқардық. Екі жылда жылумен қамту жүйесін реттеп, су мәселесін де шештік. Мұның барлығы сіздердің қолдауларыңыз, сіздердің жетістіктеріңіз.

РКС: Жаңадан сайланған әкім де дауыс берген тұрғындарға алғыс білдірді.

СНХ: СЕРІК БАЛЖАНОВ, ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Құрметті жерлестер! Барлықтарыңызға маған сенім артып, дауыс бергендеріңізге алғыс айтамын. Мен үшін бұл үлкен құрмет, зор жауапкершілік. Ауданымыздың дамуы үшін аянбай еңбек ететін боламын.

РКС: Өз кезегінде, Марат Ахметжанов халық қалаулысына ауданның әлеуметтік саласына көңіл бөлуді тапсырды. Алдымен, тұрғындар өтінішіне назар аударды.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Жаңа әкімге тұрғындардың өтініші туралы айтқым келеді. Олар жерге қатысты мәселелер бойынша маған да жазған, Астанаға да талай барып, жер сұрақтары бойынша Әкімшілікке жүгінген. Бұл сұрақтарды заң аясында жан-жақты қарастырамыз. Тағы да ескерткім келеді, тұрғындардың шағымы қоғам жай-күйінің индикаторы. Жаңа әкім өз жұмысын осы көрсеткіштерді назарға ала отырып жоспарлау керек.

РКС: Әлеуметтік мәселерден бөлек, экономика саласы да талқыланды. Облыс әкімі ауданға көбірек инвестиция тартып, өндірілетін өнім көлемін арттыруды жүктеді. Білім саласы жайлы айтар болсақ, аудандағы барлық мектептерге спутникті интернет тарту жоспарланған. Сондықтан, Марат Ахметжанов білім ошақтарына қажетті қондырғыларды тексеру және орнату жұмыстарын бақылауды жаңа әкімге тапсырды.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ВАСИЛИЙ ПАВЛИДИ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ КӨКШЕ АҚПАРАТ