ДИКТОР: Мереке Бекмағамбетовтың өнерге сіңірген еңбегі аз емес. Ол санаулы ғұмырын Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияның сахнасында өткізді. Сұм ажал осыдан бір жарым жыл бұрын ортамыздан алып кетті. Көзі тірі болғанда биыл 65-ке келер еді. Осыған орай ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мереке Бекмағамбетовты еске алу кеші өтті.
РКС: Мереке Бекмағамбетов әр уақытта өз көрермендерін өнерімен тәнті етіп, халқының алғысына бөленген жан. Ол қазақ халық аспаптар оркестрі мен шағын симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен орыс және шетел шығармаларын шебер орындады.
СНХ: САЙРАН БЕКМАҒАМБЕТОВ, М.БЕКМАҒАМБЕТОВТЫҢ ІНІСІ: Ағам жан-жақты кісі еді. Ең бірінші оның өнері өзі бір төбе. Оған лайықты бағасын ағам өзі алды. Халықтан да алды, үкіметтен де алды. Екінші бір жағы, ағам ол спортқа да өте жақын еді. Бала кезімнен ағама еліктеп өстім. Бірге доп ойнадық, бірге баскетбол, теннис, бильярд ойнадық. Жан-жақты сол ағама қарап өстім десем болады. Ағам өте таза еді. Жеті баланың ең кішісі болдым. Біріміздің киімдерімізді біріміз киіп өстік. Кеңестер Одағында көпбалалы отбасыда солай болды ғой. Сол ойлап жүретінмін ағамның киімі қашан маған келеді екен деп. Сол ағамның 3-4 жыл киген киімдері тап-таза, бір дүкеннен алғандай болатын.
РКС: Облыстық филармонияда өткен еске алу ән кешіне өзі туып-өскен Солтүстік Қазақстан облысынан өнердегі інілері келіп, әдемі естеліктер айтты. Сол өңірдің филармония әншісі Біржан Есжанов ән тартуын ала келіпті.
ИНТЕРШУМ: Біржан Есжановтың «Қалдырған» әнін орындауынан үзінді
СНХ: ЖАБАЙ ҚАЛИЕВ, М.БЕКМАҒАМБЕТОВТЫҢ БАЛА КҮНГІ ДОСЫ : Мереке екеуіміз бірге оқыған, бірге өскен. Әке-шешеміз дос болған, құрдас болған. Бір көшенің бойында тұрдық. Өмір бойы достығымыздың арасында өсек, өтірік деген ештеңе болған жоқ. Адал өмір сүрдік. Қызмет бабында кішкене ренжіп қаласың ғой, бір минуттан кейін ұмытатын нәрсе болатын. Енді Мерекенің орны толмайды. Сондай жүрегі таза. Өзі таза. Жүрген жерінде кісіге жақсылық ойлап жүретін. Ақкөңіл, таза жігіт еді. Ажал деген адамды аямайды ғой. Аяқ-асты кетіп қалды.
РКС: Мереке Бекмағамбетовтың репертуары өте бай. Ол көбінесе Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Ақан серінің әндерін орынған. Сонымен қатар, ол «Қыз-Жібек» операсының күрделі партияларын жоғары кәсіби шеберлікпен орындап, өзінің өнердегі деңгейін көрсете білді.
СНХ: ТӨКЕН ІЛИЯС, ҚР ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ: Мереке көп әншілердің бірі емес, бірігейі еді. Көкшетауда қазақ әндерін аспаптатып, өмірінің соңына дейін шырқап өткен әншілердің бірі. Оның бәлен түрлі ерекшеліктері бар еді. Ең бірінші, өте таза адам еді. Көңілі де таза еді. Ақкөңіл, ақпейіл азамат еді. Ән әлемінде өзіндік таңбасы бар мықты әншілердің бірі еді. Оның адамгершілігі өз алдында бір төбе, әншілік өнері бүтін мемлекет бойынша жақсы айтатын әншілердің қатарында еді. Біз оны сағынышпен еске аламыз.
РКС: Мереке Бекмағамбетов әріптестерімен замандастарының есінде ұлы әнші ретінде мәңгілік сақталады.
ЛАУРА ДӘУЛЕТБЕК, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ