ДИКТОР: Облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің басшысына қатысты қызметтік тексеріс жүргізілді. Белгілі болғанындай, Олжас Кәкенов ветеринария басқармасының монополияға қарсы орган беретін рұқсат қағаздарын алуына кедергі келтірген. Бұл заңбұзушылық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департаменті жанындағы әдеп кеңесінде талқыланды.
РКС: Облыстық прокуратураның мәлімдеуінше, департамент басшысы Олжас Кәкенов мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін ветеринария басқармасына қажетті рұқсат қағазды беруден бас тартқан. Осылайша, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 50-бабының 1-тармағы, 11-тармақшасында көрсетілген мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол беріп, ветеринария басқармасының өз құқықтарын жүзеге асыруына айқын кедергі келтірген,-дейді бас прокурор. Және Кәкенов қажетті қағазды беруден бірнеше рет бас тарқан сыңайлы.
СНХ: ЮРИЙ РУБЛЕВСКИЙ, ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ: 2022 жылдың қарашасынан бастап 5 өтініш келіп түскен. Екуінде қанағаттанарлық жауап берілсе, үшеуі бойынша түрлі себептермен рұқсат берілмеген. Заңбұзушылық департаменттің үш қызметкері берген дәйектермен расталады. Яғни, Кәкенов істің анық-қанығына бармай-ақ, ветеринария басқармасына рұқсат бермеу жөнінде тапсырма берген. Одан қалды, шешімнің соңғы күні шығуы үшін түрлі сылтаулар айтып, уақытты созған.
РКС: Бірақ Олжас Мұратұлы бұл дәлелдермен келіспейді. Өзінің әрекеті заң аясында болғанын алға тартқан департамент басшысы мемлекеттік сатып алудың мейлінше ашық болғаны дұрыс деген пікірде. Өйткені, бұл бәсекелестік орта,-дейді ол.
СНХ: ОЛЖАС КӘКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ БӘСЕКЕЛЕСТІКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Ашық байқаулар, керісінше, бизнестің құқығын қорғайды. Конкурс ашық болса, кез келген ниет білдіруші оны көре алады. Біз бұл жерде конкурс жариялаған кездегі мемлекеттің ашықтығын көрсетеміз. Сондықтан, менің мемлекеттік органға өтініш беруден бас тартуым 11-ші тармақшаға жатпайды деп санаймын. Керісінше, бұл әрекетім заңды және жеке тұлғалардың құқығын қорғайды.
РКС: Екі тарапты да тыңдаған әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Кәкеновтың әрекетінде ешқандай бұзушылық жоқ деп, бірауыздан тәртіптік істі тоқтату туралы шешім қабылдады.
ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ