ДИКТОР: Кезекті премьера көрерменге жол тартты! Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры 27-ші маусымы «Алло, мама ...» драмасымен ашылды. Аталған қойылым Қазақстанның халық артисі, «Парасат» орденінің иегері Жібек Бағысованың өнердегі жолына 65 жыл толуына орай көрермен назарына ұсынылып отыр.
ИНТЕРШУМ: қойылымнан үзінді
РКС: Қойылым басталған сәттен-ақ көререндерді баурап алды. «Алло, мама...» спектаклі ана мен бала арасындағы нәзік сезім иірімдерін бейнелейді. Алыстағы ұлын сарыла күткен жалғызбасты ананың баласына қоңырау шалып, тілдескісі келетіні сахналанды. Күйбең тірлікте анасы мен баласы телефонға телміріп, бір-бірінен қоңырау күтуге мәжбүр.
СНХ: НҰРИСЛАМ ӘБДІЛ, Ш.ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ: Осы маусымды осы қойылыммен ашамыз. Қойылым жалпы, ана мен бала махаббаты туралы.
РКС: Сахнада екі-ақ кейіпкер болса да, қос әртіс адамға ой саларлықтай, режиссердің ойын шынайы жеткізе алды. Ананың рөлін сомдаған Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысова көрерменді бірден өзіне баурап алды. «Парасат» ордені иегерінің өнер жолында жүргеніне биыл 65 жыл. Сахнадағы алғашқы еңбек жолын 1959 жылы Талдықорғандағы қазақ театрынан бастаған. 1995 жылдан бері Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ-музыкалық драма театрының ақ жаулықты анасы болып, әлі де өнерден қол үзген жоқ.
СНХ: ЖІБЕК БАҒЫСОВА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ: Біздің өнер ошағында бүгін бақытты күн. Үлкен той. 27-ші маусымға дету үшін көп еңбектендік. Театрымыз қазір республикадағы маңдайалды театрлардың бірі. Өзімнің өнер жолында қызмет еткеніме 65 жыл болды. Жасым 83-ке келді. Өзім Бурабайдың қызымын. 60 жылдан 94 жылға дейін Қызылорданың театрында еңбек еттім. Сонда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, кейін халық әртісі атағын алдым. Бірақ елде 95 жылы осындай театр ашылғасын келдім. Кішкене болса да туған жеріме қызмет етейін деп келдім. Осы сахнада оййнап жүргеніме 27 жыл болды.
РКС: Еркебұлан Төлеуов-баланың ролін сомдаған актер. Образды сомдау аса қиындық туғызған жоқ. Өйткені, біз өз өмірімізді ойнап шыққандай болдық,-дейді ол.
СНХ: ЕРКЕБҰЛАН ТӨЛЕУОВ, Ш.ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ: Бұл спектакль мен үшін өте ерекше. Себебі, үлкен бақыт деп айтуға болады, Ақмола облысы бойынша жалғыз халық әртісі, театрымыздың анасы Жібек апайымызбен бір сахнада ойнау мен үшін үлкен бақын. Дайындық барысы аса қиындық туғызған жоқ. Өйткені, спектакль өзі өте актуалды. Әр адамның жүрегінде орын табатын ана тақырыбы. Бұл спектакльден шыққан адам міндетті түрде анасына қоңырау шалып, мен сені жақсы көремін деп айтатындай дайындадық.
РКС: Қойылым соңында облыс әкімі Марат Ахметжанов киелі сахнаның биігінен көрінген Жібек Бағысоваға ықылас гүлін табыстап, өнер жолындағы 65 жылдығымен құттықтады.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Құрметті театр жанашырлары. Өнерге бас иіп, өнерді паш ететін қауым. Театрда кезекті 27-ші маусым ашылып отыр. Біздің апамыздың маусымды ашып бергені құтты болсын. Жыл сайын күз маусымында көрермендерге құшағын айқара ашып, киелі сахна шымылдығын түріп, театр сезоны ашылады. 1996 жылы Ақан сері Ақтоқты драмасымен шымылдығын ашқан театр, содан бері бірталай жақсы, ауыз толтырып айтатындай жетістіктерге жетіп отыр. Осы сахна өзіне ғана тән ерекше өнермен, репертуарымен, тек біздің аймақта ғана емес барша қазақ еліне танымал үлкен театр труппасы болып отыр. Театр және оның актерлері бүгінге дейін 200-ден астам қойылым қойып отыр.
РКС: 1 жарым сағатқа созылған қойылым өнерсүйер қауымның көңілінен шықты. 27-ші маусымда театр ұжымы көрермендерге тағы 2 премьера дайындап отыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта жергілікті өнерпаздар Атырау қаласында өтетін тарихи қойылымдардың фестиваліне бармақ.
САМАЛ ЫСҚАҚОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ