ДИКТОР: Көкшетаудағы балабақшалардың бірінде бухгалтер қызметін атқарған азаматша бас бостандығынан айырылды. Бірнеше жыл мектепке дейінгі білім беру ошағының маманы қызметін асыра пайдаланып, жеке шотына миллиондаған қаржыны аударып алған. Нәтижесінде, мемлекетке 7 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Былығы әшкере болған бухгалтердің ісі сотта қаралып, үкім шығарылды.

РКС: Көкшетаудағы балабақшалардың бірінде есепші болған маман өзіне сеніммен тапсырылған электрондық сандық қолтаңбаны тек жұмыс аясында ғана емес, арам пиғылын жүзеге асыру үшін пайдаланған. Белгілі болғандай, азаматша ай сайын өзіне жалақысынан көп соманы аударып келген. Осылайша, екі жылға жуық уақытта 7 милионнан астам қаражатты жымқырып үлгерген.

СНХ: АҚМАРАЛ ЖҰМАБЕКОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: Бала-бақша меңгерушісінің сеніміне кірген Есемсеитова, қызметін асыра пайдаланып қомақты қаржыны қолды қылды. Өзінің айтуынша, жолдасы жұмыс істемеген. Отбасында күнделікті шығыннан бөлек, ай сайынғы несиелері болған. Бастапқыда несиені жабу үшін алып, уақыт өте келе осындай әрекетпен оңай олжалы болу мүмкін екенін түсіндім,- дейді. Өзінің әрекетінің заңға қайшы екенін білсе де, былығы әшкере болғанда бірақ түсінген.

РКС: Айыпталушы өзінің кінәсін толық мойындады. Жымқырған соманың белгілі бір бөлігін қазынаға қайтарған. Өзінің кәмелеттік жасқа толмаған үш баласы бар. Кенжесі 7 айлық. Осы жағдайларды ескере келе сот айыпталушыға мынадай үкім шығарды.

СНХ: АҚМАРАЛ ЖҰМАБЕКОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ: Сотталушыға 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын орташа қауіпсіздікті қылмыстық атқару жүйесінде өтейтін болады. Сондай-ақ, материалдық жауапкершілігі бар қызметті атқаруға 4 жылға тыйым салынады. Үш баласының да кәмелеттік жасқа толмағанын ескере келе сот үкімінің орындалуы 5 жылға шегеріледі.

РКС: Яғни, айыпталушы жазасын тек 5 жылдан кейін өтейтін болады. Мұнымен қоса, сот облыстық білім басқармсына өз қызметіне салғырт қараған бала-бақша меңгерушісінің қызметіне лайықтығын қайта қарауды міндеттеді.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ КӨКШЕ АҚПАРАТ