ДИКТОР: Көкшетауда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Оған 8 аудан мен бірнеше шаруа қожалықтары қатысып, өз тауарларын жеңілдетілген бағамен сатты. Жәрмеңкеге барған көкшетаулықтар тауарлардың сапасы көңілге қонымды, бағалары да қолжетімді дейді. Жәрмеңкенің барысын арнамыздың түсіру тобы да бағамдап қайтты.

РКС: Бұл жолы жәрмеңкеге жалпы құны 98 млн теңге болатын 90 тонна өнім жеткізілген. Қала тұрғындары мен қонақтары ақмолалық тауар өндірушілердің қырықтан астам өнімдерін әдеттегіден төмен бағаға сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Жәрмеңкедегі сапа мен баға сатып алушылардың көңілінен шықты.

СНХ: ОМАР ШОНАЗАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ: Біздің тұрғындар үшін жәрмеңке - қалаған өнімді қолжетімді бағада сатып алу үшін таптырмас мүмкіндік. Бұл жерге өз облысымызда шығарылатын азық-түліктің бірнеше түрі қойылған.

РКС: Облыс шаруалары ет және шұжық өнімдерінің 30-дан астам тоннасын, 250 мың жұмыртқа, 10 тоннаға жуық сүт пен сүт өнімдерін, 6,5 тонна ұн, 19 тоннадан астам картоп пен басқа да көкеністердің 6 тоннасын әкеліпті. Сонымен қатар, келушілер жем-шөп, отын сынды ауыл шаруашылығы өнімдерін де сатып ала алды.

СНХ: ЕРКЕШ ӘЛЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Нан және азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру шарасы аясында біз облыста аудандардың жәрмеңкесін өткіземіз. Бұл жолы Шортанды, Ақкөл, Бұланды, Бурабай, Зеренді, Біржан сал, Атбасар аудандарымен Көкшетау және Степногрск қалаларының кәсіпкерлері қатысуда. Көкшетау қаласының тұрғындары мен қонақтары азық-түліктерді күнделікті бағадан 10-15 процентке арзанға алып жатыр. Көңілдерінен шығады деген ойдамыз.

РКС: Тұрғындардың ойы екіге бөлінді. Бірі жәрмеңкеден төмендетілген бағаны байқамадық десе, енді бірі азық-түлікті арзанға алдық деп қуанып кетті.

БЛИЦ-ОПРОС:

- Жәрмеңке деген аты ғана. Күнделікті базардағы баға. Бұқаралық ақпарат құралдарынан көрсетіп жатады, бірақ, ешқандай айырмашалақы көрген жоқпын.

- Жәрмеңке көңілімнен шықты. Бағалар да төмен. Мен өзім де азық-түлікпен айналысамын, өтіп бара жатып соққан болатынмын. Жәрмеңке өтіп жатқанын білген де жоқпын. Зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін баға қолжетімді деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға рахмет!

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ КӨКШЕ АҚПАРАТ