ДИКТОР: «Көкше аруы». Осындай атаумен Көкшетауда дәстүрлі сұлулық байқауы өтті. Аталмыш сайыста сыртқы келбетті ғана емес, отбасылық құндылықтарды бірінші орынға қоятын 7 ару бақ таластырды. Сұлулық байқауының тәжін тағуға кім лайықты болды? Тілші жалғастырсын.

ИНТЕРШУМ

РКС: Әне-міне дегенше аяқтарын нық басқан қыпша бел арулар қазақтың дәстүрлі көйлегін киіп, сахна төріне шықты. Залдағы әр қыздың шашпауын көтеріп келген көрермендердің қолдауы ерекше. Жанкүйерлер мынандай қағазға күш беретін жылы лебіздерін жазып келген.

ИНТЕРШУМ

РКС: Қаланың аруы атану үшін үміткерлер сахнада бар өнерлерін паш ету керек. Көріктілігі бір бөлек, өздерін таныстырулары, киген сәнді көйлектері мен ұлттық дәстүрлерді білуі де бағаланады. Байқау сұрақ-жауаптан басталды.

ЛЮФТ

РКС: «Көкше» телеарнасының редактор-жүргізушісі Зарина Бекқалиева «Көкше аруы» байқауының 2022 жылғы жеңімпазы. Биыл ол қазылар-алқасының бірі болып отыр. Айтуынша, ең бастысы өзіне деген сенімділік болу керек.

СНХ: ЗАРИНА БЕКҚАЛИЕВА, «КӨКШЕ АРУЫ – 2022» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: Біздің арулар өздерін жақсы көрсетеді деген ойдамын. Олардың әрқайсысы «Көкше аруы» атануға лайықты. Ең мықтысы республикалық байқауда қаламыздың намысын қорғайды.

РКС: Гүлжан Байғабұлова байқауға қатысушылардың бірі. Бұрымды Алматы қаласындағы жоғары медициналық колледжде білім алады. Мұндай ауқымды сайысқа алғаш рет қатысып отыр екен.

СНХ: ГҮЛЖАН БАЙҒАБҰЛОВА, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ: Бұл байқауға ұзақ уақыт дайындалдық. Алдымен кастингтан өттік. Бізбен арнайы мамандар жұмыс істеді. Өзім қатты толқып тұрмын. Үлкен бақталастықта жеңіп шығамын деген ойдамын. Қолдау танытып келген жақындарыма алғысым шексіз.

РКС: Байқау «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» жобасы аясында ұйымдастырылған. Облыстық жобаның мақсаты - отбасы институтын қолдау және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау. Жалпы, сұлулық додасына қатысуға көптеген ақмолалық нәзікжанды ниет танытыпты. Іріктеуден 25 қыздың 7-еуі ғана өткен. Шешуші кезеңге барлық талаптарға сай ару өткен.

СНХ: НӘЙЛӘ СЕЙДАЛИНА, «КӨКШЕ АРУЫ» БАЙҚАУЫНЫҢ ӨҢІРЛІК ДИРЕКТОРЫ: Қыздарды қатаң талап бойынша іріктеп алдық. «Қазақстан аруы» байқауының критериіне сай арулардың бет кескініне, дене бітіміне назар аударылды. Жас аралықтары 17 мен 25 жасты құрайды. Байқау бірнеше блоктан тұрады. Солардың бірі қазақстың салт-дәстүрлеріне байланысты. Кешкі көйлекпен дефиле де бар.

РКС: Байқауда бағы мен бабы келіскен Мадина Ещанова жеңімпаз атанды. Енді «Көкше аруы» дәстүр бойынша «Қазақстан аруы» ұлттық байқауында Ақмола облысының атынан өнер көрсетеді. Алдағы конкурстың форматы қатысушылардың қазақ халқының салт-дәстүрлерін білуін көздейді, шығармашылық нөмірлерде олар өздерінің дағдылары мен таланттарын көрсетуі тиіс.

САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ