ДИКТОР: Жыл басынан бері Ақмола облысындағы өндіріс орындарда 60-тан астам жазатайым оқиға тіркелді. Ал кейбір кәсіпорындарда 23 мыңнан астам жұмысшы еібек келісім-шартын жасаспай жұмыс істеп жүр.

РКС: Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы азаматтардан келіп түскен 1 мыңнан астам арыз-шағымды қарады. Соның аясында 200-ге жуық тексеріс жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша 175 мәрте тиісті заңнаманы бұзушылық анықталды. Бір айта кетерлігі, 150-ге жуығы еңбек қатынастарына қатысты орын алған келеңсіздік.

СНХ: АМАНГЕЛДІ СМАЙЫЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Еңбек заңнамасын неғұрлым өрескел бұзған 49 лауазымды және заңды тұлғаға 8 млн 282 мың теңгенің әкімшілік ықпал ету шарасы қабылданды. 20 ескерту жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі 86-бабының 1-бөлігіне сәйкес қызметкерді еңбек шартын жасаспай жұмысқа қабылдағаны үшін лауазымды тұлғаға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 80, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне- 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

РКС: Айта кетейік, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайта ол факті қайталанса, лауазымды тұлғаға 207 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.

СНХ: АМАНГЕЛДІ СМАЙЫЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Биыл Қазақстан Республикасы "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 86-бабы бойынша 4 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 1 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Қазіргі уақытта ол толық өтелді. Әлеуметтік-еңбек жанжалдарын болдырмау және еңбек жағдайларын жақсарту мақсатында басқарма облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарының жұмыс берушілерімен және лауазымды тұлғаларымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Биыл осындай 121 семинар өткізілді.

РКС: Соңғы 9 айда өңірдегі өндіріс орындарда жазатайым оқиғалар да тіркелді. Жыл басынан бері облыста 62 жазатайым оқиға орын алды. Өкінішке қарай, 6 жұмысшы ажал құшты.

САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ