ДИКТОР: Облыс орталығындағы Любовь Шевцова көшесінің бойында орналасқан жекеменшік сектордағы тұрғын үйлердің жер төлелерін су басқан. Бұл мәселе шілде айында басталған. Әкімдік пен жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырған тұрғындар шарасыздықтан шаршаған. Оған қоса, жер асты арқылы өткен судың салдарынан, электр бағаналары құлауға шақ қалған. Соның салдарынан әр жаққа қисайған бағана сымдары үзілейін деп тұр.

РКС: Өңірде 3 аптаға жуық толассыз жауын жауып тұр. Бұл көшенің бойындағы жекеменшік үйлердің іші-сырты суға толған. Оған су құбырының жарылуы себеп болған,-дейді тұрғындар. Жауапты мекеме істің мән-жайын анықтауға келгенменен, әзірге еш нәтиже жоқ.

СНХ:ӘСЕТ ҚАСЫМОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Әкімдікке алғаш рет 23 тамызда шағымдандық. Сол тұста мәселені шешеміз деп сөз берген. Кейін бір рет келіп, жерді қазып, ешқандай судың жоқ екенін көріп кетіп қалды. Содан соң біз «Аманат партиясына бардық. Ешкім қозғалар емес. Бүгін «Су арнасынан» мамандар келіп, шұңқыр қазып қарап кетті, құрғақ дейді. Егер жердің асты құрғақ болса, жертөле неге суға толы? Бұл шілде айында басталды. Су тартылған жоқ. Жауын-шашын басталмай тұрып, жер төлелерімізде су болған. Міне, бірнеше күнгі толассыз жауыннан оның көлемі тіпті көбейді. Үйде ылғалдың салдарынан қабырғалары жарыла бастады. Қалалық әкімшілік те, су арнасы да біздің жанайқайымызға құлақ асар емес.

РКС: Жапа шеккен үй иелері шығындарын санаудан шаршаған. Үйдің іші ылғал, қабырғалары құлап жатыр. Тіпті кейбірінің арасы ашылып кетуде. Жыл сайын жөндеу жүргізіледі. Бірақ, еңбек зая кетіп жатқанына қынжылады тұрғындар.

СНХ: АБУБАКАР КАДЗОЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 2004 жылы Қанай би көшесінде де дәл осындай апат орын алды. Сол кезде түнде кәрізден су атқылаған болатын. Қазір олар Кенесары көшесіне дейін су басқанын күтіп отырған сияқты. Келген мамандар дәл сол жаңа құбырдың үстінен қазды. Ал ескі құбырлар өтетін жерді қазған жоқ. Біздің үйден жоғарылау тұратын адамдар су қысымының төмендегенін айтуда. Демек, олардың суы бізге келіп жатыр.

РКС: «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнының балансында қала бойынша 352 шақырым сумен жабдықтау желісі бар. Оның тең жартысына жуығы әбден тозған.

СНХ: ҚАЗБЕК СӘДУАҚАСОВ, «КӨКШЕТАУ СУ АРНАСЫ» КӘСІПОРНЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ: Біз жертөлелерден судың сынамасын алдық. 28 градусты көрсетті. Ал біздің су қаттылығы бойынша - 4 градус, айырмашылығы жер мен көктей. Яғни ол біздің су емес екенін көрсетеді. Содан кейін шағымға жауап ретінде біз 2 жерге барып, су құбыры өтетін жерді қаздық. Онда құбыр құрғақ, ешқандай екпін жоқ, су ешқайда қашпайды. Біздің пайымдауымызша, бұл жерасты сулары. Таза су емес.

РКС: Қбырларды жаңарту үшін 2023-27 жылдарға арналған жол картасы әзірленді. Онда су құбырының 4 сорғы станциясын қайта жаңғыртып, ұзындығы 37 шақырым апатты учаскедегі құрылғылар ауыстырылады. Сонымен бірге кәріз жүйесі мен 5 сорғы станциясын қайта жаңарту, апатты жағдайдағы коллекторларды ауыстыру көзделген. Ал осы жоба жоспарына бұл көше іліге ме, жоқ па, ол белгісіз. Бұл мәселе оң шешімін таппаса тұрғындар үйсіз қалуы да мүмкін.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ