ДИКТОР: Облыс орталығындағы өзен-көлдер тазартуды қажет етеді. 2021 жылдан бері Қылшақты өзенінің маңын абаттандыру мен тазалауға байланысты бірқатар шаруа іске асырылуда. Әріптесім Самал Ысқақова жағалаудың қандай күйде екенін және тазарту жұмыстары қалай жүріп жатқанын біліп қайтты.
STAND-UP: САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ТІЛШІ: Қылшақты өзеніне келіп балық аулаушылар баршылық. Алайда, өзен бетін басқан балдырлар бұл шаруаға кедергі келтіріп, ыңғайсыздық тудырары анық. Алдағы уақытта мәселе шешімін таппақ, яғни су айдыны тазартылады.
РКС: Өзендегі балық саны азайыпты. Дегенмен, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары атап өткендей, Қылшақты өзенін тазарту жұмыстары судағы фаунаның санын көбейтуге мүмкіндік береді.
СХН: НҰРЛАН ТӨЛЕГЕН, ОБЛЫСТЫҚ БАЛЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Қазіргі уақытта табиғатты қорғау іс-шаралары шеңберінде Қылшақты өзенін тазарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара балық ресурстарының қорларына жағымды әсер етеді. Себебі, Қылшақты өзені Қопа көлімен жалғасады. Бұл болашақта биоәртүрлілікке, спорттық және әуесқой туризмнің даумына ықпал етеді.
РКС: Ал бұл Қылшақты өзенінің сағасы. Мұндағы су Қопа көліне құйылады. Дүйсенбі күні кешке су бетінде кәріз дақтары пайда болды. Айта кету керек, коммуналдық қызметтің мамандары қоқыстың көп бөлігін уақытында жинап, алып тастаған. Алайда, су бетінде әлі де ақ-жасыл дақтар бар. Бұл ауданда тазарту жұмыстары жуырда ғана басталған еді. Коммуналдық қызмет өкілдері Ғабдуллин көшесінен Сүлейменов көшесіне дейінгі аралыққа баса назар аударды. Ұзындығы бір шақырымды құрайтын жағалау қоқыс, кәріз қалдықтары мен шөгінділерден тазартылуда.
СНХ: СЕРГЕЙ САВЕЛЬЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Болашақта дәл осындай жобаларды Сүлейменов және Абай көшелерінен 12-ші мектептің жанындағы көпірге дейін жүзеге асыру жоспарымызда бар. Тазарту және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бәрі қаржыға келіп тіреледі ғой. Биыл 630 миллион теңге бөлінді. Қопа көлі бойынша тұнба қабатын тазартуға қазір жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Жыл соңына дейін мемлекеттік сараптамадан өтуі тиіс. Ал жұмыс келер жылы басталады. Өйткені, қаржы тек республикалық бюджеттен қарастырылады. Қалай ақша түседі, бірден жұмысты бастап кетеміз.
РКС: Жағалауды өсімдік жабындарының басып кету себебі өзендердің тартылып қалуынан орын алып отыр,-дейді мамандар. Сонай-ақ су ресурсының шамалы бөлігі шаруашылық қажеттілігіне жұмсалады. Коммуналдық қызметтер көлді балдыр мен батпақтан тазарту жұмыстарын жүргізеді. Табиғаттың өз заңдылығы бар. Қанша күш жұмсалғанымен, болашақта тағы да балдырдың өсу қаупі бар. Ал су ішіндегі тұрмыстық қалдықтарға келсек, ол адамның қолымен жасалып отырған қастандық.
САМАЛ ЫСҚАҚОВА, ВАСИЛИЙ ПАВЛИДИ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ