ДИКТОР: Биыл Бурабай курорттық аймағында алғаш рет жоғары педагогикалық колледж жанында мектеп оқушыларына «Жаншуақ» лагері ұйымдастырылды. Демалыс барысында балғындардың қала ішінде бола тұрып, толыққанды демалып, табиғи орындар мен тарихи-мәдени көрікті жерлерді тамашалуға мүмкіндіктері бар.

РКС: Бұл оқу орнында 3-інші курс студенттерінен «Единство» педагогикалық жасағы құрылған. Олар оқу барысында алған білімдерін тәжірибе жүзінде іске асырады. Бұл лагерьдің ерекшелігі де сол. Яғни, балғындарды қарайтын тәлімгерлерді білім ордасы өзі дайындап шығарады.

СНХ: ГАЛИНА БИЧУН, ЩУЧИНСК ҚАЛАСЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ БАСШЫСЫ: Біз шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын болғандықтан, өзіміздің педагогикалық жасағымыз бар екенін ескере отырып, мемлекеттік сатып алуға қатысып көрдік. Нәтижесінде, колледж аумағында алғаш рет сауықтыру лагерін ашып отырмыз. Балаларға жазғы демалыс орнын ұйымдастыру үшін бізде қажетті жақсы материалдық база бар. Штатымызда жоғары білікті мамандар жасақталған. «Единство» жасағының тәлімгерлер құрамы да жеткілікті. Балғындар үшін әр түрлі мастер класстар мен қасиетті жерлерге саяхаттар ұйымдастырамыз. Балалаларға демалыс орнын ұйымдастыру арқылы біз тәрбиелеп жатқан тәлімгерлердің жұмысының нәтижесін көреміз.

РКС: Демалушылар ауысым барысында түрлі тілдік ойындарға, Қазақстан халқының билерін үйрену бойынша шеберлік сыныптарына, спорттық ойындарға, зияткерлік-танымдық викториналарға, конкурстарға қатысып, қызығушылықтары бойынша үйірмелерге баруға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, балалар үшін арнайы медицина қызметкерінің қатысуымен тақырыптық әңгімелер, ювеналды полиция қызметкерлерімен дәрістер өткізіледі. Әр ауысымда балалар көшбасшылық қасиеттерді үйреніп, мәселелерді талқылайды және командада тәжірибе жинақтайды.

СНХ: РАДМИР САДЫКОВ, КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТІ, ТӘЛІМГЕР: Мен жазғы тәжірибені туған колледжімнің қабырғасында лагерьде өтіп жатырмын. Мен өзім балалармен жұмыс істегенді жақсы көремін. Колледж мұғалімдері жасаған бағдарламаның арқасында балалардың күн тәртібі өте қызықты және белсенді өтуде. Бүгін екінші ауысымның төртінші күні. Балаларға бәрі ұнап жатыр. Щучье көліне барып демалып үлгердік. Бүгін мысалы, қаламыздың жергілікті суретшісі келіп, шеберлік сабағын өткізді. Тағы кешке шаңғышылардың дайындығын көру үшін олимпиадалық дайындық орталығына баруды жоспарлап отырмыз. Бұл демалыстан балалар өздері үшін көп нәрсе алады. Келген кезде тұйық болған балалар қазір ашылып, қазір ұжымда өзара еркін сөйлеседі. Сондай-ақ, сабақта алған білімді тәжірибеде толыққанды қолданып жатырмын.

РКС: Жас балғындарға есігін айқара ашқан жазғы лагерьде биыл тәжірибе ретінде шілдеден тамызға дейін 2 ауысым жоспарланған. 1 ауысым мерзімі – 10 күн. Бұл демалыс орнына әлеуметтік қолдауды қажет ететін Шортанды, Зеренді, Егіндікөл аудандарынан 370 бала тегін жолдама алды.

СНХ: ЖАСМИН НАУРЫЗБАЕВА, ДЕМАЛУШЫ: Балкашино ауылынан келдім. Мен осы лагерьге бірінші рет келіп тұрмын. Маған бұл жерде өте қатты ұнады. Мен бұл жерде көп құрбылар таптым. Біз келген күннен кейінгі күн тауға шықтық. Сосын орманға барып, өзенге шомылдық. Бұл жердің тамақтары өте дәмді, жайлы. Бұл жерде біз ән айтамыз, би билейміз, ойындар ойнаймыз әртүрлі. Бұл жерде өте жақсы тәлім-тәрбие береді. Таңертең тұрып, түсте ұйықтап, кешке уақытылы ұйықтап, тамақты уақытылы ішіп-жеуді үйретті. Біз осы жерге отбасымызбен бесеуіміз келдік. Мен, үлкен ағам және үш інім.

РКС: Сонымен қатар, колледжде күндізгі қалалық балаларға арналған лагерь де жұмыс істеп тұр. Бұнда балалар уақытын қызықты ғана өткізіп қоймай, сондай-ақ өзінің адамгершілік, азаматтық, патриоттық, интеллектуалдық жағдайын нығайту үшін барлық жағдайлар жасалған. Ауысымда 7 жастан 10 жасқа дейінгі балғындар бар.

АҚМАРАЛ МҰРАТБЕКҚЫЗЫ, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ