ДИКТОР: Бүгіннен бастап еліміздің жоғары оқу орындарында білім беру гранты конкурсына қатысуға талапкерлерден өтініштер қабылдана бастады. Жыл сайын мемлекет тарапынан жастардың тегін білім алуына қолдау көрсетіліп келеді. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті де бүгін құжаттар қабылдап жатыр.
РКС: Еліміз бойынша жоғары оқу орындарында білім алғысы келетіндер үшін бакалавриатқа 73 мың грант бөлінді. Құжаттар қабылдау еGov арқылы онлайн түрінде де жүзеге асырылады. Сонымен бірге талапкердің өзі жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына келіп тапсыруына да болады. Кез келген жоғары оқу орнына құжат тапсыра алады. Бұл науқан 20-шы шілдеге дейін жалғасады.
СНХ: ҒАЛЫМ БАЙТҰҚ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БІРІНШІ ПРОРЕКТОРЫ: Талапкерлердің ден педагогикалық мамандықтарды таңдап жатыр. Өйткені, біздің университет бұл салада мықты деп айтар едім. Педагогикалық мамандықтармен байланысты көптеген бағдарлама бар. Биотехнология бағыты, ауыл шаруашылығы мамандықтары сұранысқа ие. Экономика, заңтану мамандықтары да бар. Бірақ, оларға грант қарастырылмаған. Өйткені, еліміз бойынша мамандандырылған жғары оқу орындары бар. Сондықтан гранттың дені соларға бөлінеді.
РКС: Жоғары оқу орны 59 білім беру бағдарламасы бойынша оқытады. Биыл педагогикалық мамандықтарға 380 грант бөлініп отыр. Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы бойынша 500 грант қарастырылған. Бұдан бөлек талапкерлердің облыс әкімінің грантын иеленуіне де мүмкіндігі бар.
СНХ: ІЛИЯС БАЗАРБАЙ, ТАЛАПКЕР: Осы жердің тумасымын. Бұған дейін Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжін аяқтадым. Жуырда кешенді тест тапсырып, шекті бал жинадым. Енді осы өзіміздің Шоқан Уәлиханов университетіне оқуға түспек ниеттемін. Грант иегері атанамын деп ұміттенемін. Құжатымды информатика мамандығына тапсырып жатырмын.
СНХ: АДЕЛЬ РҮСТЕМОВА, ТАЛАПКЕР: Мен Көршілес Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданы, Жасұлан ауылынан келіп тұрмын. Медицина мамандығына тапсырып жатырмын. Бала күнімнен осы саланың маманы болсам деп армандайтынмын. Ұлттық тестілеуден 95 балл жинадым.
РКС: Құжат тапсырушылар талон арқылы, қабылдау комиссиясына өтеді. Талапкерлердің алаңсыз құжат тапсыруына барлық жағдай жасалған. Тіпті медицина қызметкері де кезекшілікке қойылыпты. Білім беру грантының иегерлері 10 тамызда белгілі болады.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ