ДИКТОР: «AMANAT» партиясы облыстық фракциясы депутаттарының отырысы өтті. Күн тәртібінде өңірлік жол картасын іске асыру барысы мен жұмыс жүргізу барысында туындайтын мәселелер қаралды. Аймақтық басқарма өкілдері өз баяндамаларында анықтамалық-сараптамалық ақпарат ұсынып, енгізуге тиіс өзгерістерді алға тартты.
РКС: Жол картасының 5 жылдық тұжырымдамасына сәйкес Ақмола өңірінде 3,5 млн шаршы метр тұрғын үй ауданы пайдалануға берілмек. Биыл 51 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ол аяқталса, 200 мың шаршы метрге жуық баспана қолданысқа беріледі. Тағы 15 үйдің қожайыны жыл соңына дейін баспаналы болмақ. Алайда, құрылыс саласында туындап отырған бірқатар мәселе бар. Олардың негізгісі - мемлекеттік сатып алу кезіндегі қиындықтар.
СНХ: МАРАТ ӘУБӘКІРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл біздің өңірде ғана емес, республика аумағындағы барлық аймақтарда бар мәселе. Бүгінгі таңда бізге базасы бар мердігерлер беріледі. Олар өзге аймақтардан осында келеді. Қазір «ГрандСтройСервис» компаниясы жұмыс жүргізіп жатыр. Алайда, олардың республика бойынша 488 нысаны бар. Олармен бір ай бойы келісім-шарқа қол қоймай отырмыз. Себебі, 488 нысанның 218-іне қатысты сот процестері жүріп жатыр. Ең қызығы, барлық сот істерінде жеңіп шығып жатыр. Біз оларға қаражат берсек, кейін 30 процентін өзіне алып қалады да, нысанды сол бойы тапсырмайды. Мінекей, осындай қиындықтарға тап болып отырмыз.
РКС: Партияның «Жер Аманаты» бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Бірінші жартыжылдықта мемлекет меншігіне 258 мың гектар жер телімі қайтарылды. Агроөнеркәсіптік кешен саласында 300 жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші кәсіпорындармен өнім бағасын реттеуге қатысты жұмыс та жүргізіліп жатыр.
СНХ: ДИНАРА ҚҰЛТАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТТІК ЖОСПАРЛАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен, көтерме жеткізушілермен және дүкендермен екі жақты меморандумға қол қою жөніндегі жоспар толық орындалды. Бағаны тұрақтандыру және халықты әлеуметтік маңызы бар тауарлармен қамтамасыз ету үшін жеңілдетілген несие бөліп, кәсіпкерлерді қолдау шаралары қолға алынған.
РКС: Денсаулық сақтау саласында қиындық тудырып отырған екі медициналық ұйым бар. Басқарма «Авиценна Бурабай» мекемесіндегі мүлікке тыйым салу туралы арыз-шағым түсірген. Қазіргі уақытта бұл мәселе прокуратура мен аймақ басшысының бақылауында. Сондай-ақ, жақын арада аурухана ғимараты ведомствоның балансына өтеді. Ал Степногорск қаласындағы емдеу мекемесі қарызға белшесінен батқан. Аурухананың жарты миллиард теңгеге жуық берешегін қайтару шаралары қарастырылып жатыр.
СНХ: НҰРЛАН АХИЛЬБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Қазір салық пен қызметкерлердің жалақысы бойынша жиналып қалған қарыздарды қайтарып жатырмыз. Сондай-ақ, мамандардың әлеуметтік аударымдары тағы бар. Наурыз айына дейін жиналып қалған әлеуметтік аударымдарын төлеп тастадық. Жалақы бойынша да берешегіміз жоқ. Аурахана мемлекеттің қарамағына өтеді. Бұл алдағы уақытта медициналық мекеменің бюджетр есебінен коммуналдық қарыздарын өтеуге мүмкіндік береді. Осылайша, біз аурухананың жүгін жеңілдетеміз. Аталған шаралар қызметкерлердің жалақысына еш әсер етпейді.
РКС: Жиын барысында халық қалаулылары түрлі сауал қойылып, өзекті мәселелерге қатысты нақты ұсыныстар айтты.
ӘНЕЛ РАҚЫМЖАН, ВАСИЛИЙ ПАВЛИДИ, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ