ДИКТОР: Облыстық мәслихаттың сегізінші шақырылымы үшінші сессиясының отырысы өтті. Жиында күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, атап айтқанда жергілікті бюджеттің атқарылуы және алдағы уақытта іске асырылуы тиіс бастамалар талқыланды.
РКС: Былтыр облыстық бюджеттің кірісі 19,2 процентке ұлғайып, 480 млрд теңгеге дейін жеткен. Ал салықтар мен төлемдердің мөлшері 14,7 процентке артты. Сондай-ақ, өңірдегі қажетті шығындарға бөлінген қаражат толық игеріліп, 25 жоба жүзеге асырылды.
СНХ: ЕРМЕК МАРЖЫҚПАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Облыстық бюджеттің ең үлкен үлестік салмағы әлеуметтік салаға бағытталған. 44 процент. Соның ішінде 37 процент немесе 179 млрд теңгесі білім беруге. Олар: орта білім беретін мемлекеттік ұйымдарда мұғалімдердің және медицина қызметкерлерінің жалақыларын арттыруға, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мамандар даярлауға, мемлекеттік білім беру тапсырысын жүзеге асыруға бағытталған.
РКС: Облыстық бюджеттің қалған бөлігі денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары мен халыққа әлеуметтік көмек беру шараларына жұмсалған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, жол-құрылыс салаларына бөлінген қаржының да мөлшері артты. Мәслихат комиссиясының шешімімен 2022 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп бекітілді.
СНХ: МАРАТ ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 2020-2022 жылдар аралығындағы жергілікті бюджетке түскен трансферттердің де, өз кірістерінің де өсімі айқын байқалады. Мәселен, 2021 жылмен салыстырғанда меншікті табыстың өсуі 26 процентке жеткен. Айта кету керек, 2022 жылы 8 жоба іске асырылып, 1900 жаңа жұмыс орны ашылды. Оған 165 млрд. теңге жұмсалған. Алдағы уақытта облыстық бюджетінің кірісін арттыру үшін 200 млрд теңгеге 29 жаңа жоба іске асырылуы тиіс. Бұл нысандар ашылса, 2700 жаңа жұмыс орны пайда болады.
РКС: Былтыр бюджеттік және мақсаттық көрсеткіштер бойынша Ақмола өңірі республикада 6 орынға шықты. Сондай-ақ, өндіріс және ауыл шаруашылығы өнімдері мөлшерінің жылдан жылға артуы есебінен облыстың экономикалық жағдайы анағұрлым жақсарып келеді.
ӘНЕЛ РАҚЫМЖАН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ