ДИКТОР: Бірлік пен береке, ынтымақ пен ырыс – мемлекетіміздің ең басты байлығы. 130-дан астам ұлт пен ұлыстың басын бір шаңырақтың астына біріктірген киелі мекен. Ақмола облысының аумағында да бірнеше ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Қоғамдық келісім мекемесінің жанынан «Бірлік» экологиялық алаңы ашылды. Бұл жұмысқа бастамашы болған тәжік ұлттық мәдени бірлестігі.

РКС: Достық үйінің аумағында қазақтың қасиетті символына құрмет көрсету мақсатында «Санги-Кабуд» тәжік-ұлттық мәдени бірлестігінің бастамасымен «Бірлік» экологиялық алаңы пайда болды. Бұл жерде темірден эко киіз үй бой көтерді.

СНХ: МЕНДІБАЙ ТЕМІРЛАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Жаңағы көріп тұрғандарыңыздай бірлік сквері киіз үй тәріздес, ол жерде шаңырақ бар. Бүгінгі іс-шараның болып жатқаны жастар үшін бірден-бір жақсы нәтиже береді деген ойдамын.

РКС: Солтүстік өңір үшін биылғы маусым ерекше ыстық. Игі шараға жиналғандарға салқын сусын мен балмұздақ таратылды. Сонымен қатар экологиялық акция аясында шағын оркестр мерекелік шара қонақтарына күйден шашу шашты. Ал сәндік-қолданбалы қолөнер шеберлері көрме ұсынды.

СНХ: УМАР ШОНАЗАРОВ, «САНГИ-КАБУД» ТӘЖІК ҰЛТТЫҚ-МӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Орталығымыздың бастамасымен "Бірлік" деген символдық, рухани атаумен экологиялық саябақ аштық. Бірінші кезеңде біз экокиіз үй мүсінін қойдық. Киіз үй жазда жабайы жүзім сабақтарымен көмкеріледі. Тиісінше, алдағы уақытта Қазақстан халқының мәдениетімен байланысты мүсіндерді де қоюды жоспарлап отырмыз.

РКС: «Бірлік» экологиялық алаңы ортақ шаңырақ астында барлық этностар арасындағы бірліктің символына айналмақ. Жобаның мерзімі ұзақ, сондықтан бұл алаң әлі де кеңейеді деп жоспарлануда.

АҚМАРАЛ ҚҰСАЙЫНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ