ДИКТОР: Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Қашаған» кен орнының екі ұңғымасында күкіртсутек газы шоғырланған. Сол себепті, бұл ұңғымалардан мұнай өндіру көлемі біршама төмендеген. NCOC компаниясы екі ұңғыманың бүтіндігін тексеру үшін жапқан. Сол кезде қосымша зерттеу бағдарламасы шеңберіндегі жұмыстар орындалған. Тексеру жұмысы кезінде ұңғымаға кері айдалатын газдың көлемі азайтылды. Сәйкесінше, өндірілген мұнайдың да көлемі төмендеген. «Қашаған» – Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай өндірілетін алғашқы ең ірі кен орны. 2000 жылы ашылған. Мұнда өндірілетін мұнай қоры – болжам бойынша 9-13 млрд баррель. «Қашағанда» коммерциялық мұнай өндіру 2016 жылғы күзде басталған.