ДИКТОР: Қазақстанның екінші, әлемнің 147-ші ракеткасы Тимофей Скатов Ролан Гаррос турнирі іріктеу сайыстарының финалына шықты. Отандық теннисші іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 119-шы ракеткасы, финляндиялық Отто Виртаненмен шеберлік байқасты. Бірінші партияда фин теннисшісі 6:4 есебімен басым түсті. Есесіне екінші сетте қазақстандық спортшы есе қайырды.Есеп 6:2. Үшінші, шешуші партияда да 3:0 есебімен алға кетті. Одан соң Виртанен таразы басын теңестірді. Дегенмен Скатов матчты тағы бір брейкпен түйіндеді. Екі сағат 45 минутқа созылған тартысты бәсекеде Тимофей 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Скатов іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 165-ші ракеткасы Мелигени Родригес Алвес Фелипемен ойнайды. Егер Тимофей бразилиялық теннисшіні ұтса, алғаш рет Ролан Гарростың негізгі додасына жолдама алады.