ДИКТОР: Үздік тергеушілер мен тергеу органдарының ардагерлері кәсіби мерекеге орай марапатталды. Тергеу бөлімшесі қызметінің 60 жылдығына орай облыстық полиция департаментінде салтанатты іс-шара өтті. Оған аумақтық полиция бөлімдерінің тергеушілері, саналы ғұмырын осы салаға арнаған ардагерлер жиналды.
РКС: Мереке қарсаңында бірқатар іс-шара өтті. Оның ішінде "Үздік тергеуші" облыстық байқауы да бар. Биыл үздік атану үшін 20 аудандық бөлімшенің тергеушілері бақ сынасты. Сонымен қатар, мерейтойға арнайы "Ақмола облысы полиция департаментінің тергеу қызметі" кітабы жарық көрді.
СНХ: ЖАНАТ АЙБАСОВ, АРШАЛЫ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: Бүгін мен және әріптестерім үшін ерекше күн. Тергеуші қызметі – аса сауаттылық пен білімді, шыдамдылықты талап ететін, жауапкершілігі мол іс. Олардың мақсаты – нақты айғақ жинап, қылмыскерді дәл табу.
РКС: Тергеушілердің дағдыларын, білімі мен кәсібилігін көрсету ұйымдастырылған сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Атыс дайындығы, заңды білу деңгейін анықтайтын тестілеу және оқиға орнын тексеру бойынша практикалық тапсырма берілді. Нәтижесінде Атбасар аудандық полиция бөлімінің тергеушісі, капитан Рамазан Толқымбеков ең көп ұпай жинады.
СНХ: РАМАЗАН ТОЛҚЫМБЕКОВ, «ҮЗДІК ТЕРГЕУШІ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: «Үздік тергеушісі» байқауына алғаш рет қатыстым.Мен барлық әріптестеріме сәттілік тілегім келеді. Бұл салада жүрген барлық қызметкерлерге еңбектеріне жеміс тілеймін.Мереке құтты болсын!
РКС: Сондай-ақ, тергеу басқармасының ерекше көзге түскен қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Марапаттар Қазақстан ардагерлер кеңесінің Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мен төралқаның атынан табысталды. Лайықты азаматтар мен өз ісінің мамандарын тәрбиелеген жас тергеушілердің ата-аналарына жеке құрмет көрсетілді. Генерал-майор Думан Таевтың бұйрығымен кәсіби мерекеге орай 98 қызметкер түрлі марапаттарға ие болды.
ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ МАТЕРИАЛДАРЫ БОЙЫНША КӨКШЕ АҚПАРАТҚА ДАЙЫНДАҒАН САЛТАНАТ ТӘУКИЕВА, ЗАРИНА БЕКҚАЛИЕВА