ДИКТОР: Өңір басшысы қала аумағындағы су басу қаупі бар нысандардың ахуалымен танысты. Көктемде еріген қар суы жыл сайын бірқатар мәселе тудырып келеді. Апатты жағдайдың алдын алу үшін коммуналдық қызмет пен құтқарушылар тазарту жұмыстарын жүргізуде. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев ведомство басшыларына су шайып кетуі ықтимал учаскелерге тексеріс жүргізіп отыруды тапсырды.
РКС: Биыл облыс аумағындағы барлық аймақта апатты жағдай орын алуы мүмкін. Көкшетау арқылы Қылшақты өзені өтетіндіктен, кейбір учаскелерде су басу қаупі жоғары. №12 орта мектеп, Сұңқар шағынауданы мен Тәшенов көшесінің бойындағы «Шығыс» базары қызыл аймақта. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мұзды ою, сондай-ақ арықтарды тазарту және инертті материалдармен нығайтуға қатысты жұмыстар жүргізуде. Су тасқыны орын алуы мүмкін аймақтарда тәулік бойы кезекшілік қойылған.
СНХ: НҰРЛАН АТЫҒАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ: Фролов бөгетінінің толуын күтіп отырмыз. Қазір тек 30 процентке толған. Толған жағдайда суды ағызамыз. Ал қазір жиналып жатқан су таулардан жылыстап келеді. Қазіргі уақытта аса қауіп төніп тұрған жоқ. Егер осы қарқынмен жұмыс жалғасса, жағдай тұрақталады. Барлық арна тазартылуда.
РКС: Өңір басшысы бұл учаскені қаладағы ең көп ауыртпалық түсетін нысан екенін атап өтті. Жыл сайын келетін қауіп өзен арқылы өтетін сапалы көпірдің болмауынан туындап отыр.
СНХ: ЕРМЕК МАРЖЫҚПАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл учаскеде орын алған апатты жағдай есімде. 2017 жылы су деңгейі көтеріліп, бәрін шайып кеткен еді. Мұндай жағдай қайталанбайды деп үміттенемін. Қандай қауіп бар? Бұл Қылшақты үшін ең осал жер. Сондықтан, бұл жолды қазып тастауға қашан да дайынбыз. Бізде басқа амал жоқ. Экскаватормен қазып, суды өткізіп, кейін қайта ретке келтіреміз. Жаңа көпір салмайынша, бұл мәселе еш шешілмейді.
РКС: Красный Яр ауылы төтенше жағдай орын алға қалса толығымен дайын. Коммуналдық қызмет су ағындарын қоқыс пен мұздан үнемі тазартып отырады. Красный Яр ауылдық округі әкімінің айтуынша, өзенге жақын орналасқан үйлерге қауіп төніп тұрған жоқ. Алайда, аулалардағы суды өткізуге қатысты қосымша жұмыстар жүргізу қажет.
СНХ: ЕРМЕК МАРЖЫҚПАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Барлығын бұзып, кеңейтіп, су өткізуді күшейту керек. Өйткені қазір су жоғары көтеріліп, деңгейі артады. Ал ол өздігінен тез ағып кетпейді.
РКС: Красный Яр саяжайы маңындағы 10-ға жуық үйдің иесі таудан еріп аққан суға байланысты қиындыққа тап болып отыр. Тұрғын үй құрылыстарына апаратын жолдарды су ағыны толығымен бөгеп тастаған. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары бұл жағдай қардың көп мөлшерде түсуіне және жердің тым қатып қалуына байлнысты орын алып отырғанын атап өтті.
СНХ: МАКСИМ ШАТКОВСКИЙ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Қауіп төніп тұрған жоқ. Мұнда тек үй аулалары ғана бар. Барлық аула арқылы су осылай ағып жатыр. Бүгін сулдың ағымы жылдам болмаса да, кеше кейбір жерлерде жақсы ағып жатты. Кеше жаяу тексеріс жүргіздік. Су көп, жер сіңірмей жатқандықтан, ол жазықтық бойынша бір орында тұр.
РКС: Сондай-ақ, облыс әкімі жергілікті тұрғындармен кездесті. Азаматтардың арыз-шағымын тыңдап, қала әкімдігі мен уәкілетті ведомстволардан су тасқынының алдын алу бойынша өткізілген барлық іс-шара туралы есеп беруді талап етті.
ӘНЕЛ РАҚЫМЖАН, ВАСИЛИЙ ПАВЛИДИ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЁВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ