ДИКТОР: Наурыз мейрамы Көкшетау тұрғындарының кейбірі үшін қос қуанышқа ұласты. Жылдар бойы әркімнің босағасында жүрген жандар өз баспанасына қол жеткізді. Қала әкімі Бауыржан Ғайса салтанатты түрде жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.

РКС: Болашақ Сарайының алаңы Наурыз мерекесінде ұлттық нақышта ерекше безендіріліп, жұртшылықты керемет әсерге бөледі. Ақшаңқан киіз үйлердің ішінде оқушылардың үздік жұмыстары қойылып, көрме ұйымдастырылды. Қала тұрғындары ашық аспан астында наурыз көжеден дәм татты. Басты оқиға-әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға пәтер кілтін табыстау. «Сарыарқа» шағын ауданында салынған жаңа үйде көкшетаулық 40 отбасы қоныс тойын тойлайды.

СНХ: БАУЫРЖАН ҒАЙСА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: Әз Наурызды жақсы көрсеткіштермен, жетістіктермен қарсы алып отырған жайымыз бар. Сондықтан жерлестеріме нәтижелі еңбек еткендері үшін алғысымды білдіргім келеді. Бүгін осындай жарқын сәтті өздеріңізбен бөлісіп отырғанымызға тіптен қуаныштымыз.

РКС: Баспаналы болғандардың барлығы бұл қуанышты ұзақ күтті. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар пәтер кезегінде жылдап тұрған. Олжабай Сыдықов пен оның туғандары қала әкімінің қолынан пәтер кілтін алғаш болып алды. Осы сәтті 15 жылдан астам аңсаған.

ИНТЕРШУМ: кілтті тапсыру сәті

СНХ: ОЛЖАБАЙ СЫЗДЫҚОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Осы пәтердің кілтін 15 жыл күттім. Міне, жыл басы-Наурыз мейрамында сол арманымызға қол жеткізіп отырмыз. Отбасымызбен қуанышымызда шек жоқ. Әйелім, бала-шағам бәріміз үшін бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн.

РКС: Жаңа пәтердің кілттерін табыстаған қала әкімі одан соң мемлекеттік қызметте ерекше көзге түскендерді Грамоталармен марапаттады. Олардың арасында тәртіп сақшылары, денсаулық сақтау саласының мамандары, құтқарушылар, сонымен бірге коммуналдық кәсіпорындардың жұмысшылары бар. Қала басшылығы жыл соңына дейін тағы 200 отбасының қоныс тойын тойлайтынын атап өтті.

ГҮЛНӘР БЕКЕНОВА, ВАСИЛИЙ ПАВЛИДИ, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ