ДИКТОР: Бүгінде өңірде азық-түлік бағасы тұрақты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары құнының өсуіне жол бермеу үшін бірқатар шаралар қолға алынып отыр. Еске сала кетейік, осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, бұл мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырған болатын. Осы бағытта жауапты басқармалар тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, азық-түлік бағасы төңірегіндегі дүрбелең әлі де сейілген жоқ. Бірі бағаның шарықтауынан сақтанса, енді біреулер тұрақтылықты мүлдем байқамайтындарын айтуда.

РКС: Жыл басынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 103,1 процентке жетті. Соңғы аптада облыста сиыр еті мен сүзбе құны біршама қымбаттады. Мамандардың айтуынша, оның себебі шикізат бағасына тікелей байланысты.

СНХ: ЖАСҰЛАН АЙДРАХМАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру жөніндегі комиссия отырысын өткіздік. Сүт өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында «Гормолзавод» серіктестігіне 2-ші механизм бойынша несие беру жоспарлануда. Несиенің артықшылығы- кәсіпорын өнім бағасын белгілі бір мерзімге дейін тұрақты түрде ұстап тұрады. Есесіне оларға төмендетілген процентпен несие беріледі.

РКС: Үкімет тапсырмасы бойынша маусымдық азық-түлік өнімдерін тұрақтандыруға бағытталған. Облыстың тұрақтандыру қорында қазір картоп, пияз, сәбіз және қырыққабаттың қажетті қоры бар. Бағаға қатысты жағдай да бірқалыпты. Алайда облыс орталығы тұрғындарының пікірі мұнымен келіспейді. Көпшілігі тауар құны өсіп жатқанын айтып отыр.

СНХ: ЛЕЙЛА САВЧЕНКО, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Азық-түлік бағасының көтерілуі тоқтар емес. Тұрақтанғанын байқамадым. Сүт, жұмыртқа қымбаттап жатыр. Отбасымда мен де, жолдасым да жұмыс істейміз. Табысымыз жақсы. Дегенмен, тапқанымыз қапқанымызға жетпейді. Табысымыздың басым бөлігін азық-түлікке жұмсаймыз. Дүкенге барасыз, 10 мың теңгеге түк сатып ала алмайсың. Дұрыс тамақтану керек. Әсіресе балаларға. Олар витамин, пайдалы өнімдер тұтынуы қажет. Бірақ, бәрі қымбат.

РКС:Азық-түлік бағасын тұрақтандырудың бір тетігі-ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу. Ол жерде тауарлардың құны нарықтағыдан 10-20 процентке төмен белгіленеді. Сәуір айынан бастап облыс орталығында жәрмеңкелер қайта жандандырылады. Айта кетейік, Қазақстан Республикасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі белгіленді. Оған 19 тауар түрі кіреді. Бұл өнімдердің бағасын жауапты басқармалар бақылайды.

АИДА ХАМИТОВА, АЛЕКСАНДРА ГАУЭРТ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ