ДИКТОР: 9-12 наурыз аралығында қыздар арасында бокстан Қостанайда өткен ашық облыстық турнирде ақмолалық спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді. Дүбірлі додада жерлестеріміз қоржынға 21 медаль салды.
РКС: Мерейім Дулатқызы Қостанай облыстық ашық турнирінде 46 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Апасының ізін жалғаған бұрымдыға жұдырықтасу оңайға түспеді. Алайда, өзіне деген сенімі мен үлкен дайындықтың арқасында ақмолалық ару жеңіс тұғырынан көрінді.
СНХ: МЕРЕЙІМ ДУЛАТҚЫЗЫ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ: Мен 12 жастамын. Спорттың бұл түрімен үш жылдан бері айналысамын. Рингке шыққан кезде өте қиын болды. Қостанайлық қарсыласым өте жақсы дайындықпен келгенін түсіндім. Бірақ моймадым. Екінші орынды иелендім.
РКС: Ақмолалық спортшылар түрлі жарыстарда біршама оң нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Қостанай қаласында өткен байрақты бәсекеде Көкшетау қаласынан 12 жас спортшы қатысып, біреуі жарыс чемпионы атанды.
СНХ: ВЛАДИМИР ЛЕТР, ҚАЖЫМҰҚАН АТЫНДАҒЫ №3 ОБЛЫСТЫҚ ОЛИМПИАДАЛЫҚ РЕЗЕРВТІҢ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БАЛАЛАР-ЖАСӨСПІРІМДЕР МЕКТЕБІНІҢ ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ: 2007, 2008, 2009 және 2010-ыншы жылы туған қыздар қатысты. Біз осылайша іріктеуді жасадық, өйткені жақын арада Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Біз оған өңірдің намысын қорғайтын команда жасақтап жатырмыз. Барлық спортшылар намысты қолдан бермеді. Шынымды айтсам, біз тіпті спортшыларымыз мұндай жақсы нәтиже көрсетеді деп ойламадық.
ИНТЕРШУМ: жаттығу
РКС: Спортшылар Қостанай қаласында өтетін бокстан республикалық чемпионатқа дайындалып жатыр. Бұл турнирде 2009-2010 жылдары туған боксшылар өнер көрсететін болады.
САЛТАНАТ СӘРСЕМБАЙҚЫЗЫ, РАХАТ СӘЛЕЕВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ