ДИКТОР: Көрісу күніне орай «Дәстүрім-асыл қазынам» атты қалалық байқау өтті. «Достар» мәдениет сарайы, «Көкше» мәдениет үйі мен қалалық ақпараттық кітапханалар жүйесінің ұжымдары қазақтың ұлттық мәдиенетінің асылдарын ортаға салып, өзара сыңға түсті.

STAND-UP: ӘНЕЛ РАҚЫМЖАН, ТІЛШІ: «Көрісу күні» наурыз мейрамының бастауы деуге де болады. Адамның адаммен, жылдың жылмен көрісіп, қауышқан шағы бұл. Пенденің аузы аққа, мал аузы көкке тиген шақ. Көкше жұртшылығы атаулы мерекені қазақтың ұлттық дәстүрлерін жаңғыртудан бастады.

РКС:Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Оның негізгі бөлімі қатысушылардың ежелден халқымызға тән әдет-ғұрпын көрсетіп, сахналық көрініс қою. Ұжым салт-дәстүрдің мағынасы мен мәнін ашып, ұмыт болған маңызын айшықтауы тиіс. «Көкше» мәдениет үйі ерекше дайындықпен келген. Қойылымын қарап отырып, байқауды тамашалаған жұрт қазақ ауылындағы шынайы, әрі қонақжай қара шаңырағын көргендей болды.

ИНТЕРШУМ: көрініс

СНХ:РАЙЫМБЕК АМАНГЕЛДІ, «КӨКШЕ» МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Дәл осы ырым-жырымдарды таңдаған себебіміз, басқа мерекелерге қарағанда ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлер екені белгілі. Бұл салт-дәстүрлерді жаңғырту үшін көбі қолға алмай кеткен, еске түсіру үшін қолдандық деп айтуға болады.

РКС:Байқауда есік ашу, қалта ақтару, белбеу шешу, шолпы тағу, құда күту мен сырға салу сынды қазақ мәдениетінің інжу-маржандары ел назарына ұсынылды. Мұндай байқау Көкше жерінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

СНХ:ҒОСМАН ТӨЛЕҒҰЛ, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Айналып кетейін, тәуелсіздіктің арқасы ғой бәрі. Қазақ баласының мерейінің үстем болғандығы, өткен тарихты жастардың бойына дарытып жатқандығы ол өте үлкен шаруа. Тәуелсіздіктің арқасында өлгеніміз тіріліп, кейін кеткен дүниеміздің бәрі алға басып жатқан жағдай. Міне оның көрінісін бүгін көріп отырмыз.

РКС:Ата-бабамыздан қалған бай мұрамыз ұлыстың ұлы күні қарсаңында еске алынып, жыл құтты қадамнан бастау алды. Мәдени шаралардың қазақ дәстүрінің қазынасымен қабысуы алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

ӘНЕЛ РАҚЫМЖАН, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ