ДК:Әлемдік классикаға айналған туынды «Отелло» спектаклінің премьерасы өтті. Мұхтар Әуезовтың қазақи құнарға бай бейнелі тілінде үн қатқан Шекспирдің жауһары көкшелік көрерменнің көңілін жаулады. Өнер оқиғасын тамашалауға жиылған жұрт риза болып тарқасты.

РКС:Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының үздік актерлері мен кәсіби мамандары тартылған қойылым театр ұжымы үшін де, көрермен үшін де рухани мерекеге айналды. 1 айға жуық дайындықтың нәтижесі – өнер сүйер қауымның ыстық ықыласы.

СНХ:ҒАЙНИ ӨМІРБАЙҚЫЗЫ, КӨРЕРМЕН: Бүгінгі қойылым жөнінде айтатыным, өте ұнады. Ең біріншіден, актерлердің ойыны, декорациялар, костюмдері қандай. Аяқ киімдеріне дейін бәрін байқадым. Бәрі арнайы осы спектакль үшін жасалған. Соған рақмет.

РКС:Отелло – әлемдік әдебиет галереясындағы есте қалар қаһарманның бірі. Ол нағыз ер азамат бола тұрып, нақақ жаланың қаруы мен құрбанына айналды. Шығарманың идеясы қазіргі заманмен де үндестік тауып отыр. Спектакльде адам ішіндегі қызғаныштың, көңіл күдігінің кесірінен, өне-бойын қатігездік жаулаған тірі жанның ессіз әрекеттерге барудан тайынбайтыны баяндалады. Осы идеяның барынша ашылуна сеп берген режиссер Қуандық Қасымовтың шығармашылық бірегейлігі.

СНХ:ҚАЙРАТ МЫРЗАБОЛАТОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, Ш.ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ: Ең бастысы Қуандық ағаймен жұмыс істеген керемет. Өзің рахат аласың. Жеңіл жұмыс істейсің. Образ деп аса қиналмайсың, ол кісі сахнада еркіндік береді. Сондықтан бір айдай жұмыс істедік осы спектакльмен. Қасымдағы әріптестеріме рақмет айтқым келеді. Керемет бір ансамбль болды.

РКС:Шым-шытырық қайшылыққа құралған күрделі драматургияны игеру – қай кезде де актерлер үшін үлкен мектеп, зор жауапкершілік болған. Өнер ордасына бір жыл бұрын ғана келген жас талант Намыс Мақсатұлы Отелло Маврдың лейтенанты Кассионың бейнесін сомдады. Сахна саңлағы актерлік шеберлігін шыңдап, өзін әр жанрда сынап көруге даяр екенін жасырмады.

СНХ:НАМЫС МАҚСАТҰЛЫ, Ш.ҚҰСАЙЫНОВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚ МУЗЫКАЛЫҚ-ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ АКТЕРІ: Жақын уақытта өзім моноспектакльде ойнағым келеді. Университете Гамлеттің монологына пластикалық инсценировка жасаған едім. Соны ары қарай дамытып, сол рөлді сомдағым келеді.

РКС:Спектакльге келгендердің дені жастар. Демін ішіне тартып, кейіпкердің толғанысын ұғынғандай, тебірене тамашалады. Бұл трагедия әлемнің барлық театрларында ойналып, репертуарлық қордан түскен емес. Көкшетаулықтарды таң қалдырудан жалықпайтын театр ұжымы қашан да көрерменін асыға күтеді.

ӘНЕЛ РАҚЫМЖАН, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ