Жүргізуші: Кәмелеттік жасқа толмағандар арасында қылмыс жасау көбейген. Оның басым көпшілігі - ұрлық. Балалардың қауіпсіздігі де қазіргі уақытта күн тәртібінде өзекті тұрған мәселе. Бұл сұрақтар облыстық полиция департаментінде өткен ведомствоаралық кеңесте талқыланды. Оған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, оқу орындарының басшылары, жеке меншік күзет мекемелерінің өкілдері қатысты.

Тілші: Кеңесте қаралған негізгі мәселе - балалардың қауіпсіздігі болды. Бұл бағытта кемшін тұстар бар екенін жақында Петропавл қаласында болған оқиға анық көрсетті. Облыстағы оқу орындарында тексеріс жүргізіліп, бейнебақылау құрылғылары орнатылып жатыр. Бұл ретте күзет фирмаларына артылған жауапкершілік көп. Дегенмен олар заңбұзушыларға қарсылық көрсетуде дәрменсіз болып жатады.

СНХ: АСЛАН ҚЫЗБИКЕНОВ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Облыстағы 430 мектеп бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Білім ошақтарында турникеттер, металл іздеуші құрылғылар, дабыл батырмалары бар. Бізге күзет фирмаларын қарау керек. Мектептерде отыратын күзетшілердің барлығы дерлік егде жастағы адамдар. Олар заңбұзушыларды тоқтатып, қылмыстың алдын-ала алмайды. Ал оның салдары ауыр болуы мүмкін. Петропавлдағы болған жағдай осының айқын көрінісі.

Тілші: Сондай-ақ, балалар арасындағы қылмыс мәселесі де талқыланды. Былтыр 2021 жылмен салыстырғанда кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған қылмыстар саны 11 процентке артқан. Ақкөл ауданында мұндай заңбұзушылар облыстық орташа көрсеткіштен 5 есе көп. Өткен жылы заңды аттап басқан жоғары оқу орындарының 11, колледждердің 35 студенті, сондай-ақ, 27 оқушы анықталған.

СНХ: ДУМАН ТАЕВ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ: Балалар арасындағы қылмыс көп тіркелген өңір - Ақкөл ауданы, 18 жағдай. Көкшетауда - 15, Степногорск мен Қосшы қалаларында, және Атбасар, Бұланды аудандарында 6 деректен. Балалар жасаған қылмыстардың көбі - ұрлық. Бұл заңбұзушылық жасөспірімдер жасаған қылмыстардың 66 пайызын алып тұр.

Тілші: Жиында өзге де жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері баяндама жасады. Білім басқармасының мамандары қылмыстың алдын-алуға бағытталған жоспарларымен бөлісіп, қабылданатын тәрбиелік шаралар туралы айтып берді. Мектептерді цифрландыру, қауіпсіздік құрылғыларының техникалық жағдайы және күзетті күшейту бойынша сұрақтар талқыланды.