Диктор: Көкшетау қаласындағы «Қайрат» қазақ күрес залында өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы еркін күрес шеберлерімен облыстық чемпионаты мәресіне жетті.

РКС: Аздап тоқырап қалған еркін күрес Ақмола облысында бауырын жазып келеді. Оған соңғы уақытта жерлестеріміздің саналуан жарыстардан жүлдемен оралып жүргендігі дәлел. Қазақстан Республикасының біріншілігінің алдындағы іріктеу белдесулерінде де талай талантты спортшылардың тұсауы кесілді.

СНХ: ФАРХАТ ШАИМОВ, ЕРКІН КҮРЕСТЕН ОБЛЫСТЫҢ АҒА БАПКЕРІ: Жаттықтырушылардың жұмысты ширатуының арқасында соңғы кезде еркін күрес балуандары әжептәуір нәтижеге кенелді. Алматыда өткен спартакиадада құрама командамыз бесінші орын алды. Бұл жақсы көрсеткіш. Жасөспірімдер де желкілдеп өсіп келеді. Облыс чемпионатында соларды көзбен көріп, құрама сапына қабылданатын үміткерлерді іріктедік.

СТЕНДАП: ҚАЛЫМБЕК МҰХАМЕДЖАНОВ, ТІЛШІ:  Финалдық кездесулер өте тартысты болды.

РКС: Өз салмақ дәрежесі бойынша Амантай Райымбек, Александр Кумбриди, Кәрібай Әлібек, Дінмұхамед Молдаиров, Махат Хамитов, Рүстем Хайруллин, Бекарыс Темірсаидов және ауыр салмақта Қуандық Ермеков пен Заманай Серіков чемпион атанды. Олар алдағы Наурыздың басында Талдықорғанда өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатында Ақмола облысының намысын қорғайды.

ҚАЛЫМБЕК МҰХАМЕДЖАНОВ, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ