ДИКТОР: Жедел басқару орталығы қызметкерлерінің негізгі міндеті – кез келген құқық бұзушышықтың алдын алу, қылмыстың ізін суытпай ашу. Қаладағы қоғамдық тәртіпті онлайн режимде бақылау барысында олар үнемі қырағы болып, кез келген оқиғаға жедел әрекет етуге міндетті. Орталықтың жұмысымен тілшіміз Евгений Варанкин танысып қайтты.

РКС: Орталық қызметкерлері барлық мемлекеттік органдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Кезекшілік «102» жедел желісіне түскен алғашқы қоңыраудан басталады. Қоңырау арнайы бөлімге қабылданып, тіркеледі, дыбыстық жазбасы жүргізіліп, аға инспекторға жолданады. Аға инспектор шақыртудың сипатына байланысты полицияның кешенді күштерін бағыттайды.

СНХ: САМАТ АХМЕТОВ, ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БЕЙНЕБАҚЫЛАУ ИНСПЕКТОРЫ: Кезекшілік тәулігінде шамамен 300-ге жуық қоңырау қабылданады. Азаматтардан түсетін өтініштер өте көп. Полиция тәулік бойы үздіксіз қызмет атқарады. Демалыс және мереке күндері жеке құрам күшейтілген режимде жұмыс істейді. Кезекшілік қызмет таңғы сағат 7:30-да басталады. Біз қаруланып, сап түзеу өткізіледі. Қаладағы жедел жағдай туралы ақпарат беріледі. Қылмыстар бойынша бағыттамаларды бір-бірімізге жеткіземіз. Қай санаттар бойынша жұмыс жүргізу қажет екені түсіндіріледі. Осыдан кейін қызметке кірісеміз. Бір тәулік ішінде кез келген жағдай болуы мүмкін. Әр кезекшілік әр түрлі өтеді. Жұмысымызда күн сайын түрлі оқиғалар мен жағдайлар болып жатады.

РКС: Қала аумағында қозғалмалы және тұрақты түрдегі 300-ге жуық бейнебақылау камерасы орнатылған. Мамандардың айтуынша, тұрғындардан көбінесе жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына қатысты хабарламалар түседі. Жаз мезгілінде велосипед ұрлығының да жиілегені байқалады. Себебі азаматтар велосипедтерін құлыптамай қалдырып кетеді. Бейнебақылау камералар мұндай құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Биыл «Target Eye» бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама, әсіресе халық көп жиналатын сауда-ойын-сауық орталықтары сынды жерлерде азаматтардың бет-әлпетін тануға мүмкіндік береді. Жүйе іздеудегі адамға ұқсастықты 99 пайыз дәлдікпен анықтай алады.

СНХ: ЕРЖАН ӘЛІБЕКОВ, ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАҒЫТТАУ ИНСПЕКТОРЫ: Қызметтік міндеттерім полицияның кешенді күштерінің қозғалысын бақылау. Орнатылған GPS-карта арқылы қала аумағындағы әрбір автопатрульдің қозғалысын бақылап отырамын. Әр автопатрульдің өз бақылайтын аймағы бар. Қаладағы ахуалды бақылау — біздің тікелей міндетіміз. Қылмыстарды ізін суытпай ашу бейнебақылау камералары арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар медицина мекемелері, төтенше жағдайлар қызметі сынды құрылымдармен тығыз байланыста жұмыс істейміз.

РКС: Бұл саладағы ең күрделі міндет – үлкен көлемдегі ақпаратты өңдеп, оны тиісті қызметтерге дер кезінде жеткізу, - дейді орталық қызметкерлері.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.