ДК:Қазақтың ұлттық ән өнерінде өзіндік қолтаңбасымен танылған өнерпаздардың дарасы –Рамазан Стамғазиев. Алашты әуелеген әнімен әлдилеп келе жатқан әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев көкшелік көрермені үшін «Дариға-дәурен» атты жеке концертін өткізді. Ән кешіндегі әр шығарма облыстық филармонияның Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен жанды дауыста шырқалды.
Интершум:орындаудан үзінді
РКС:Рамазан Стамғазиев киелі өнердің дәріптеп, саңлақтардың аманатын абыроймен арқалап келе жатқанына 30 жылдан асты. Қолынан қазақтың киелі аспабы-домбырасы түспеген орындаушы ұлттық өнер маржандарын халыққа насихаттап, сал-серілердің ізін жалғап келеді.
СНХ:РАМАЗАН СТАМҒАЗИЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ: Бүгінгі кеш жалпы менің атқа мініп, өнер саласындағы үлкен өмірімде Көкшетау өңіріндегі алғашқы жеке концертім. Бұған дейінгі концерттерде де болып жүргем, дегенмен, менің үлкен арманым болды. Өйткені бұл жерде атақты Біржан, атақты Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Иман Жүсіптердің табаны тиген, ұлылардың жүріп өткен ұлы жолдары.
РКС:Ерекше қоңыр дауыс иесі Көкше еліне келерде көп дайындалғанын айтады. Әр өңірге келген кезде, тарихынан сыр шертетін бір туындыны орындау әдетке айналды, - дейді әнші. Ақан серінің «Ақтоқтының аужарын», Абайдың «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?», Біржанның «Ғалиясын», халық әні «Мұхида Шайбан» әншінің репертуарында көптеген бері орындалып келе жатқан туындылар. Ал өнер иесінің бағын ашқан Тұрсынжан Шапайдың «Дариға-дәуренін» көрермені демін ішіне тартып тыңдағанын айту керек.
ИНТЕРШУМ: көрерменнің қошеметі
СНХ:НҰРҚАСЫМ ОРАЗҰЛЫ, КӨРЕРМЕН: Рамазан ағаны кішкентай кезімізден теледидардан көріп өстік. Әндерін радиодан естіп өстік. Енді арнайы Көкшенің жеріне, арқаның жері, сал-серілердің мекеніне келіп жатқанда, арнайы тыңдайын деп, «Дариға-дәуренді» өз аузынан естейік деп келіп жатқан жайымыз бар. Бүгінгі концерттік бағдарлама өте жоғары деңгейде өтті.
РКС:Көкшеден бастау алған Рамазан Стамғазиевтің жеке концерттік бағдарламасы Қарағанды, Павлодар, Тараз шаһарларында жалғасады. Осылайша әнші еліміздің барлық өңіріндегі көрерменін әдемі әуезімен тербетпек.
ӘНЕЛ РАҚЫМЖАН, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ