ДИКТОР: Бүгін қазақтың ақиық ақыны, аудармашы біртуар тұлға Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Осыған орай өңірде әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылды. Ақын өз заманында лайықты баға ала алмағанымен, қазіргі жастар үшін оның орны бөлек,-дейді шараға қатысушылар.

РКС: Ақиық ақынның аты ешқашан өлмейді. Мұқағали Мақатаевтың шығармалары көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген. Ұлы тұлға өмірден ерте кетсе де, қазақ поэзиясында өшпес із қалдырып үлгерді. Бүгінде Мұқағалидың өлеңдерін білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә. Оның артынан қуған жас өрендер де аз емес.

СНХ: БАҚЫТ МҰХАМЕДРАҚЫМОВА, «СТРУНЫ ДУШИ» ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҮЙІРМЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:  Мұқағали Мақатаев ұлы тұлға. Ол туралы қанша айтсақ да аздық етеді. Бүгін міне 92 жасқа толып отыр. Мына кітапханада Мұқағалидың кітаптары қойылған. Барлығын қайтадан оқып,бір қуанып қалдық. Бұл іс-шараға 15 бала қатысты.

РКС: Іс-шараға Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығымен жақын таныс, оның әр туындысын сүйіп оқитын жастар қатысты. Олар бір-бірімен әңгіме-дүкен құрып, ақынның өмірінен алынған қызықты деректермен бөлісті.

СНХ: ДАРИҒА НАҒМАНОВА, ҚАТЫСУШЫ: Мен бүгін Мұқағали Мақатаевтың «Туған жер тудырған ой» атты өлеңін оқыдым. Осындай іс-шаралар әрдайым ұйымдастырылып отырса деймін. Өйткені, оның маңызы зор. Біз өзімізге керек көптеген нәрсені біліп, қазақ халықының мәдениетімен, салт-дәстүрімен жақын таныстық.

СНХ: НҰРИСЛАМ БІЛІМ, ҚАТЫСУШЫ:   Мұқағали Мақатаев-менің сүйікті жазушым. Ол турады ата-анам бала кезімнен айтатын. Қазір оның шығармашылығын өзім оқимын. Бүгін Отан тақырыбындағы өлең оқыдым.

РКС: Шығармашылық кеш барысында көрме ұйымдастырылды. Ал Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқыған барлық қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды.

ҰМСЫНДЫҚ НАУРЫЗБАЕВА, ВАСИЛИЙ ПАВЛИДИ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, «КӨКШЕ АҚПАРАТ»