ДИКТОР: Өңірде 128 елдімекенді су басу қаупі бар. Жедел түрде тасқынның алдын-алу шаралары жүргізіліп, нәтижесінде 113 ауыл –аймақта қауіп сейілді. Дегенмен, мамандар 15 елдімекен қызыл судың астында қалуы мүмкін деп отыр.

STAND-UP: ҰМСЫНДЫҚ НАУРЫЗБАЕВА,ТІЛШІ:  Сандықтау ауданына қарасты Балкашино елдімекені су басу қаупі жоғары аймақтың бірі. Жабай өзенінің маңында орналасқан ауылда 5 мыңға жуық халық тұрады. Жергілікті тұрғындар күн күрт жылынса үйілген қардан қауіп төне ме деп үрейленіп отыр. Осыдан 3 жыл бұрын Балкашинода бірнеше үй қызыл судың астында қалған.

РКС: Рамазан Кеншібаевтың үйі өзенге жақын орналасқан. Жыл сайын көктемді қорқынышпен қарсы алады. Осыдан бірер жыл бұрын топан су үйдің терезесіне дейін жетіп, жұртты әбігерге салған. Қарғын су бой бермей, мал-жанды әрең аман алып қалыпты. Содан бері ауыл тұрғындары әкімдікке де қарайламай үйдің маңын үйілген қардан жиі тазалап тұрады.

СНХ: РАМАЗАН КЕНШІБАЕВ, БАЛКАШИНО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:  Бұрын өзеніміз терең болатын, содан су кететін. Енді таяз болған соң су жайылады ғой. Сондықтан қауіп бар. Қорқыныш бар. Бірақ, бәрі уақытында, мезгілінде істелсе, аман қаламыз ғой .Сол жұмыстар қазірден бастап дайындалуы керек.

СНХ: АНАТОЛИЙ ЗАХАРЧУК, БАЛКАШИНО АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Қар көп. Көктемде жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Бүкіл ауылды алаңдатып отыр. Сондықтан әкімшілік тасқынның алдын алады, қолдан келгеннің бәрін істейді деп үміттенеміз.

РКС: Су тасқынының алдын алу үшін облыста бірқатар шара қолға алынған. Жыл басынан бері 255 мың текше метр қар шығарылып, 5 шақырымнан астам өзен арнасы тазартылды.

СНХ:ЕРКЕН БЕРЛІБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: 24 шақырымнан астам су бұру жүйесін тазартып, 6 шақырым бөгетті нығайттық. 34 су өткізу құрылыстарын жөндедік. Өзен маңайында орналасқан қауіпті елдімекендерді бақылайтын 92 қосымша бақылау бекетін орналастыруды жоспарлап отырмыз.

РКС: Қыстың алғашқы екі айында түскен қардың көлемі шекті мөлшерден аспаған. Казгидромет мамандары қазір топырақ қатуының орташа деңгейі 98 сантиметрге жетсе, өзен-көлдердегі мұз қалыңдығы 33-91 сантиметр,-дейді.

СНХ: ЛАРИСА ГОНЧАРОВА «ҚАЗГИДРОМЕТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ: Ақпан айында қар жауып, бұрқасын болады деп болжап отырмыз. Бірінші және екінші онкүндігінің басында тұман түсуі ықтимал. Айдың басында көктайғақ болады. Жауын-шашын мөлшері нормаға сай. Наурыз айында да еш өзгеріс жоқ. Барлығы бірқалыпты болмақ.

РКС: Бүгінде су тасқыны болуы мүмкін Атбасар, Сандықтау, Аршалы, Целиноград ауданындағы бөгеттердің техникалық жағдайы тексеріліп жатыр. Қауіптің алдын-алу жұмыстарына 2,5 мың адам мен 1 мыңнан астам техника жұмылдырылған.

ҰМСЫНДЫҚ НАУРЫЗБАЕВА, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, «КӨКШЕ АҚПАРАТ»