ДИКТОР: Былтыр өңірде интернет қылмыстың деңгейі 8.7 процентке төмендеді. Әйтсе де айлакерлер әккі әрекет жасаудың жаңа тәсіліне көшкен. Мысалы олар әлеуметтік желілерде жалған сайттар ашады. Құқық қорғау қызметкерлері сақ болуға шақырады.
РКС: Кибер қылмыстың кесірінен жыл сайын халық тірнектеп жинаған ақшасынан айырылып жатады. Арам ниеттілер қашан да технологияның алдында жүреді. Олар жұрттың қалтасын қағудың түрлі құйтырқы әдісін ойлап табады. Парольдерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін фишингтік сайттар құрады. Тағы бір жағдай, алаяқ кез келген адамға өзін банк қызметкері, лаузымды тұлға немесе тіпті туысқаны ретінде диалог құрудың айласына көшкен.
СНХ: ЕРМЕК МАНАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КИБЕРҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕС ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАНЫҢ БАСТЫҒЫ: Алаяқтар жұртқа телефон шалып, өздерін банк қызметкерлері деп таныстырады. Сонымен қоймай тұтқаның ар жағынан шабуылдап, AnyDesk, QuikSupport, TeamViewer қосымшаларын жүктеу қажеттігін айтады. Жәбірленуші қосымшаны жүктеген сәтте алаяқ сол адамның абоненттік құрылғысына тікелей қосылып, әрі қарай ұялы телефонын бақылай алады. Мобильді банктердің қосымшасына кіріп, емін еркін бір шоттан екінші есепшотқа ақшаны еш қиындықсыз аудара алады, онлайн несие де рәсімдеуге қол жеткізеді.
РКС: Өткен жылы кибер қылмыстың 764 дерегі тіркелген. Соның 150-дейі ашылған. Құқық қорғау қызметкерлері мұны цифрландырудың, интернет-төлемдердің қарышты дамуымен байланыстырады. Қазір көп сауда-саттық қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады. Мобильді интернетке қолжетімділік арта түскен. Жаңа жылдың алғашқы айының өзінде алаяқтықтың 50 дерегі тіркелді. Бір күннің ішінде кибер қылмыскерлер ақмолалықтардың есепшотынан 15 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырған.
СНХ: ЗАРДАП ШЕГУШІ: Маған Каспий банктенмін, есімім Жанат деп хабарласты. Менің атыма алаяқтар бірнеше банктен несие аударғалы жатыр деп мені қорқыта бастады. Әрине, шошып кеттім. Одан соң қолдау орталығы деп түсіндіріп, мені басқа оператормен қосты. AnyDesk қосымшасын жүктеуімді өтінді. Сосын Евразия банкі арқылы алаяқтар жеке мәліметтерімді пайдаланып, менің атыма несие рәсімдеген. Евразия банкі арқылы 2 миллион 430 мың теңге, Хоум банктен 2 миллион 927 мың теңге алған. Осылайша сенгіштігімнің кесірінен алаяқтардың құрығына түсіп қалдым.
РКС: Мамандар кез келген жағдайда өте сақ болуды ескертеді. Бөтен адамға жеке мәліметтерді, парольді, смс-код пен ақша беруден аулақ болуға шақырады.
РАУЗА ТӨЛЕУЖАНҚЫЗЫ, ЗАРИНА БЕКҚАЛИЕВА, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ